Үндістандағы ғибадатханада болған дүрбелеңде тоғыз адам қаза тапты
Үндістанның оңтүстігінде Андхра-Прадеш штатындағы Свами Венкатешвара индуистік ғибадатханасында өткен діни мереке кезінде кемінде тоғыз адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Шрикакулам округінде болған. Мұнда жүздеген адам қасиетті «Экадаши» күнін атап өтуге жиналған. Полицияның мәліметінше, қажыларды ұстап тұрған темір қоршау қысымға шыдамай құлап, дүрбелең туындаған, - деп мәлімдеді ABC News.
Қайтыс болғандардың арасында сегіз әйел мен бір бала бар. Тағы 16 адам түрлі жарақат алған, ал 20 адам қатты шошып, дәрігерлердің бақылауында. Жергілікті билік өкілдері құрбандар саны артуы мүмкін екенін айтады, себебі екі адамның жағдайы аса ауыр.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Андхра-Прадеш штатының басшысы Н. Чандрабабу Наиду қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты.
Үндістанда діни мерекелер кезінде халықтың көп жиналуы жиі қайғылы жағдайларға әкеледі. Елдің инфрақұрылымы қажылар ағынына көбіне төтеп бере алмай жатады.