7 Қараша 2026, 06:48 Фото: Shutterstock

Үндістанда жүріп бара жатқан жолаушылар пойызы өртенді

Үндістанның Солтүстік теміржол қызметінің баспасөз хатшысы Химаншу Шекхар Упадхьяйдың айтуынша, қауіпсіздік жүйесі уақытылы іске қосылып, пойызды тоқтатуға мүмкіндік берген.

Үндістанда жолаушылар пойызынан өрт шығып, төрт вагонды жалын шарпыды. Оқыс оқиға кезінде жолаушылар арасында дүрбелең туындап, кейбірі қозғалыстағы пойыздан секіріп кеткен.

Times Now телеарнасының мәліметінше, оқиға Амритсар қаласынан Нью-Джалпайгуриге бағыт алған жүрдек пойызда болған.

Пойыз қозғалып бара жатқан кезде вагондардың бірінен кенеттен өрт шығып, жалын басқа вагондарға тараған. Нәтижесінде төрт жолаушылар вагоны отқа оранған. Түтін мен жалынның арасынан шығуға тырысқан адамдар қатты абыржыған. Кейбір жолаушылар қауіптен құтылу үшін пойыз толық тоқтамай тұрып, вагондардан секіруге мәжбүр болған.

Үндістанның Солтүстік теміржол қызметінің баспасөз хатшысы Химаншу Шекхар Упадхьяйдың айтуынша, қауіпсіздік жүйесі уақытылы іске қосылып, пойызды тоқтатуға мүмкіндік берген. Оқиға орнына тиісті қызметтердің мамандары жіберілген. Олар өрттің салдарын анықтау және жағдайды бақылауға алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әзірге оқиға салдарынан зардап шеккендер немесе қаза тапқандар туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/291814-undistanda-zurip-bara-zatqan-zolausylar-poiyzy-ortendi