Үндістанда жүк көлігі қажыларды қағып, 15 адам қаза тапты
Тағы 40-қа жуық адам жарақат алды. Жүк көлігінің жүргізушісі мен иесі ұсталды.
Үндістанның Мадхья-Прадеш штатында жүк көлігі қажыларды қағып, 15 адам қаза тапты. Тағы 40-қа жуық адам жарақат алды.
NDTV басылымының жергілікті полицияға сілтеме жасап хабарлауынша, жол апаты жексенбіге қараған түні Гвалиор ауданында болған. Жүргізуші еңіске түскен кезде көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Салдарынан ауыр жүк көлігі бірнеше қоршауды бұзып өтіп, ғибадатхананың қабырғасына соғылған. Жол бойында тұрған адамдарды да қағып кеткен.
Оқиға куәгерінің айтуынша, жүк көлігінің тежегіші істен шыққан болуы мүмкін. Полицияның мәліметінше, көліктің дөңгелектері мен шанағының астында 50-ден астам адам қалған. Зардап шеккендердің бірнешеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Белгілі болғандай, жолда екі жүк көлігі қатар жүрген. Жүргізушілер бағытты білмегендіктен, Google Maps навигациясына сүйенген. Алғашқы көлік еңісте тоқтағаннан кейін екінші жүк көлігі төмен қарай сырғып кеткен.
Оқиғадан кейін жүк көлігінің жүргізушісі мен иесі ұсталды. Қазір апаттың мән-жайы анықталып жатыр.