22 Қараша 2026, 15:16 Фото: istockphoto.com

Үндістанда қолдан жасалған алкогольден 18 адам қайтыс болып, мыңнан астамы ауруханаға түсті

Құрамында улы метанол бар қолдан жасалған алкогольден жүздеген адам уланып, ауруханаларға жеткізілген.

Үндістанның Манипур штатында қолдан жасалған алкогольді ішкен кемінде 18 адам қайтыс болып, мыңнан астам тұрғын ауруханаға түсті. Бұл туралы РБК басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, қайғылы оқиғаның ауқымы туралы штат заң шығару жиналысындағы «Үнді ұлттық конгресі» партиясы фракциясының жетекшісі Мегхачандра Сингх мәлімдеген. Оның айтуынша, қолдан жасалған алкогольдің құрамында адам өміріне қауіпті метанол болған. Соның салдарынан зардап шеккендердің денсаулығына ауыр зақым келіп, соның ішінде бүйректері қатты зақымданған.

Медициналық мекемелерге науқастар екі күн бойы үздіксіз жеткізілген. Жұма күні дәрігерлер 600 адамды ауруханаға жатқызса, сенбі күні таңертең тағы 300 зардап шегуші жеткізілген.

Штат билігі шұғыл түрде жергілікті тұрғындарға үндеу жасады. Соңғы күндері шығу тегі күмәнді алкоголь ішкен немесе уланудың алғашқы белгілерін байқаған азаматтарға дереу дәрігерге қаралуға кеңес берілді. Сондай-ақ өз бетінше емделуге қатаң тыйым салынды. Тұрғындардан күмәнді алкогольдің бөтелкелері мен қаптамаларын сараптама жүргізу үшін сақтап қою сұралды.

Басылымның жазуынша, Үндістанда мұндай қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Мәселен, 2019 жылдың ақпанында Ассам штатында құрамында метанол бар сапасыз алкогольден 140-тан астам адам көз жұмып, тағы 300-ге жуық тұрғын ауруханаға түскен. Сол кезде полиция алкогольді заңсыз өндірді деген күдікпен 12 адамды ұстаған.