Үндістан Жоғарғы соты: Air India ұшағының апатын тергеу "жауапсыз" жүргізілген

Үндістанның Жоғарғы соты маусым айында 261 адамның өмірін қиған Air India ұшағының апатын тергеу барысын "жауапсыз" деп бағалады. Бұл туралы ВВС арнасы жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ахмадабад – Гатвик бағытындағы рейс әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Нәтижесінде борттағы 242 жолаушы және жерде тұрған 19 адам қаза тапты. Тек бір жолаушы аман қалғанымен, кейін ол да қайтыс болды.

Сот авиациялық биліктің алдын ала есепті «таңдамалы және бөлшектеп» жариялағанын атап өтті. Есепте қозғалтқыштарға отын берудің ұшқаннан кейін бірнеше секундтан соң тоқтап қалғаны көрсетілген. Сондай-ақ кабинадағы әңгімеде ұшқыштардың бірі: «Ол неге сөніп қалды?» деген сұрақ қояды, ал екіншісі: «Олай болған жоқ» деп жауап береді.

Судьялардың айтуынша, ұшқыштар әдейі жанармай беруді тоқтатты деген болжамдар «өте сәтсіз және жауапсыз». Олар Үкіметті тәуелсіз тергеу басталғанға дейін мұндай болжамдардан аулақ болуға шақырды.

Бұл апат Үндістанның әуе қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Бұған дейін елдің азаматтық авиация басқармасы Air India компаниясында 51 қауіпсіздік ережесінің бұзылғанын анықтаған болатын.

Сонымен қатар, апатта қаза тапқандардың төрт отбасы АҚШ-та Boeing пен Honeywell компанияларына қарсы сотқа жүгініп, оларды әуе лайнерінің қауіпсіздігіне немқұрайлылық танытты деп айыптады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Siddharaj Solanki/Bloomberg via Getty Images
Өзгелердің жаңалығы