Үндістан ресейлік мұнайдан бас тартты: Трамп баж салығын төмендетті
Үндістаннан импортталатын тауарларға қатысты жаңартылған тарифтер бүгін, 7 ақпаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайд BAQ.KZ Bloomberg-ке сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартуға міндеттеме алғаннан кейін, бұл елден әкелінетін тауарларға салынған 25 пайыздық қосымша кедендік баж салығын алып тастады.
Үндістан ресейлік мұнайды тікелей немесе жанама түрде импорттауды тоқтатуға келісіп, оның орнына америкалық энергетикалық өнімдерді сатып алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар АҚШ-пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты 10 жылға кеңейту жөнінде рамалық келісімге қол қойды, – делінген мәліметте.
Белгілі болғандай, АҚШ пен Үндістан өзара тиімді сауда туралы рамалық келісім жасасты. Бұл келісімге сәйкес, Нью-Дели америкалық барлық өнеркәсіптік тауарларға салынатын баж салығын алып тастайды немесе төмендетеді, ал Вашингтон Үндістанда өндірілген кейбір ұшақтар мен авиациялық бөлшектерге қойылған баж салығын жояды.
Сондай-ақ Үндістан алдағы бес жыл ішінде АҚШ-тан жалпы сомасы 500 млрд долларды құрайтын энергетикалық өнімдер, ұшақтар мен авиациялық бөлшектер, асыл металдар, технологиялық өнімдер және кокс көмірін сатып алуға міндеттеме алды.
Жаңартылған тарифтер Вашингтон уақытымен 7 ақпан күні сағат 00:01-де (Астана уақытымен 10:01-де) күшіне енеді. Қосымша баж салығы алынып тасталғаннан кейін, Үндістан тауарларына қолданылатын тариф мөлшерлемесі 18 пайыз болады.
Айта кетейік, АҚШ Үндістанның ресейлік мұнай сатып алуына байланысты бұл елден әкелінетін тауарларға 25 пайыздық қосымша баж салығын 2025 жылдың тамыз айында енгізген еді.