Үндістан портында ұсталған кемеде Қазақстан азаматы болған: ҚР СІМ мәлімдеме жасады
Үндістан Республикасының Парадип портында 23 теңізшіден тұратын экипажы бар MT UNITY кемесі ұсталды. Теңізшілердің бірі - Қазақстан Республикасының азаматы. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеменің ұсталуы оның иесінің жергілікті жанармай жеткізушісі алдындағы қаржылық қарызына байланысты болып отыр. Қазақстандық дипломаттар отандасымызды елге қайтару үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Үндістан Сыртқы істер министрлігіне мәселені шешуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен тиісті дипломатиялық нота жолданды, - деп жазды ол.
Ведомстводан мәлім еткендей, аталған Қазақстан азаматы да, оның отбасы мүшелері де Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап өтініш білдірмеген.
Мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та қазақстандық әйел ұсталған болатын.