Үндістан Пәкістанмен арадағы атысты тоқтату туралы келісімнен шығуы мүмкін
Үндістан Пәкістанмен арадағы атысты тоқтату туралы келісімнен шығуды қарастыруда. Бұл туралы News18 телеарнасы үкіметтегі сенімді дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпаратқа сәйкес, Үнді билігі 22 сәуірде Кашмирдің Пахалгам өңірінде болған лаңкестік шабуылдан кейін бұл мәселені шұғыл түрде қарауға кіріскен. Шабуыл салдарынан 27 адам қаза тапты, олардың қатарында әйелдер, қарттар және шетелдік туристер болған.
Нью-Дели бұл мәселеге өте байыппен қарап отыр. Пәкістан бақылау желісі мен халықаралық шекара бойында өз міндеттемелерін орындай алмады, – делінген телеарна таратқан хабарламада.
Басылымның мәліметінше, Үндістан Пәкістанның “терроризмді тежеуге” қауқарсыз екенін алға тартып, қатаң шараларды қолға алуы мүмкін. Мұндай әрекет көрші елдің халықаралық сахнада одан әрі оқшаулануына себеп болуы ықтимал.
Сонымен қатар, Үндістан Пәкістан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатты және елде жүргендерге 27 сәуірге дейін аумақты тастап шығу туралы талап қойылды.
Үнді билігі қабылдаған бұл шаралар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен шекараны қорғауға бағытталған.