Үндістан-Пәкістан шиеленісі: Су мәселесі қалай шешілмек
Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс енді су ресурстары арқылы ушығып жатыр. Бұл туралы халықаралық журналист Мұхаммед Замир Ассади өзінің "Құрғақ дипломатия: Үндістанның су саясатына байланысты қауіпті қадамы" атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылдың мамыр айында Үндістан бірнеше мәрте Баглихар су электр станциясының шлюздерін жауып, Пәкістанның Жәлім өзенінің төменгі ағысындағы су арнасын толығымен құрғатып жіберді. Бұл жағдай мыңдаған гектар егістік жердің өнімсіз қалу қаупін тудырды, ал мамандар бұл әрекетті біржақты саяси қысым ретінде бағалап отыр.
Оған дейін, 23 сәуірде Үндістан 1960 жылы қабылданған және 60 жылдан астам уақыт бойы сақталып келген тарихи Үндіс су келісімінен (Indus Waters Treaty) бас тартатынын жариялаған болатын. Бұл келісім екі елдің арасында батыс және шығыс өзендерін әділетті бөлуге және саяси қайшылықтарға қарамастан суға қатысты дауларды бейбіт түрде шешуге негіз болған.
Бұл шешім – су ресурстарын саяси қаруға айналдыру, – дейді Пәкістанның стратегиялық жоспарлау басқармасының кеңесшісі, елші Замир Акрам.
Оның айтуынша, Үндістан бұл арқылы Кашмир мәселесі бойынша Пәкістанға қысым көрсетуді көздеп отыр.
Ассадидің мәліметінше, Үндістанның бұл әрекеті халықаралық құқықты да бұзуы мүмкін. Вена конвенциясы мен IWT талаптарына сәйкес, келісімдерді біржақты тоқтату немесе күшін жоюға жол берілмейді. Су ағынын реттейтін ірі бөгеттерді салуға тыйым салынған, себебі бұл Пәкістанда құрғақшылық немесе су тасқыны секілді табиғи апаттарға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, сарапшы Үндістанның өз ішіндегі су тапшылығы мәселесін де атап өтеді. Елдің ауыл шаруашылығы жауын-шашынға тәуелді, жерасты сулары сарқылып жатыр, ал инфрақұрылым ескірген. Урбанизация мен өнеркәсіптік ластану да өзендердің 70%-ын жарамсыз күйге түсірген.
IWT келісімін тоқтату – екі жақтағы қарапайым фермерлерді жазалау, – деп жазады Ассади.
Оның айтуынша, Үндіс өзені – экожүйе үшін аса маңызды ресурс, ал су ағынын шектеу азық-түлік қауіпсіздігіне және тұтас аймақтың тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Пәкістан тарапы бұл жағдайды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жеткізіп, Халықаралық сотқа шағым түсірмек. Елші Акрамның мәлімдеуінше, егер Үндістан шынымен де судың жолын мүлдем тоқтатқысы келсе, оған қажетті инфрақұрылым салу кемінде 5-7 жыл уақытты алады.
Біз барлық заңды жолды қолданамыз. Бірақ Үндістан жыл сайын бекітілген су көлемін жеткізу жөніндегі міндеттемесін сақтауы керек. Бұл – ешқандай талқылауға жатпайтын мәселе, – деді Акрам.
Еске сала кетсек, Үндістанның Сыртқы істер министрі С. Джайшанкар 16 мамырда Пәкістанның шекаралық терроризмді тоқтатпайынша, Үндіс су келісімінің тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл шешім Үндістанның Пахалгамдағы лаңкестік шабуылға жауап ретінде қабылданды.