«Үндістан достары»: Қызылордада үнді мәдениетінің кеші өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үндістанның Қазақстандағы елшілігі 17-19 қараша аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Үндістан достары» тақырыбында мерекелік іс-шара өткізді.
Үндістан тәуелсіздігінің 75-жылдығына орай Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығы (SVCC) Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп, үнді биі, музыкасы және йога өнері бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
Әр пән бойынша 40-тан астам студент қатысқан шеберлік сыныптарда үлкен ынта мен қызығушылық болды.
Үндістан мен Қазақстан арасындағы ежелгі мәдени және өркениеттік байланыстарды мойындай отырып, елшілік әр алуан тақырыпта – Үндістанның өнер, мәдениет, сәулет, туризм, флора, фауна және өркениеттік дүниетанымын қоса алғанда, барлық аспектісін қамтитын кітаптар топтамасын сыйға тартты.
Қорқыт ата университеті шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырды, қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығын танытты. Сондай-ақ шарада көпшіліктің көңілінен шыққан Махатма Ганди тақырыбындағы онлайн эссе байқауының қатысушылары мен жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етілді, - делінген елшілік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл іс-шаралар - мәдениеттің әмбебап тілі арқылы Үндістан мен Қазақстан халықтары арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды бастама. Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық пен Үндістан елшілігі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен байланысты дамытуды асыға күтеді.