Үндістан ба? Жоқ, Қазақстан. Қарағандылықтар ауласын қоқыс алаңына айналдырған

Қарағандының Тұрар Рысқұлов көшесінің бойындағы бірнеше үйдің ауласында қоқыс үйінділері пайда болған, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қаланың Т. Рысқұлов көшесінің бойындағы нөмірі 15-ші және 25-ші көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қоқыс үйінділерінің үлкендігі соншалықты, бұл жерден бәрін табасыз. Ескі жиһаз, сынған мүлік, жыртылған кілем, істен шыққан кір жуғыш машина, қураған ағаш, қажет болмай қалған құбырлар. Үйіндіге тұрғындар пакетке салынған қоқыстарын да лақтыра берген.

Бұл аулалардың қоқыс үйіндісіне айналғанына көп уақыт болды. Коммуналдық қызметтер қоқысты уақытылы шығарады. Тіпті айына бір рет айналасында шашылып жатқан қоқысты да жинап, тазалайды. Алайды, біраз уақыттан кейін осы қоқыс алаңы қайта пайда болады. Тұрғындардың өздері ауланы осындай жағдайға жеткізіп отыр, - дейді Тұрар Рысқұлов көшесінің тұрғыны Наталья.

Қалалық коммуналдық қызметтің мәліметінше, аталған аулаларда тұрмыстық қалдықтарды тастайтын контейнерлер жеткілікті. Тазалыққа жауапты мекеме қоқыстарды тазалағанымен, біршама уақыттан кейін контейнерлердің жанында қоқыс үйіндісі қайта пайда болады екен.

Т.Рысқұлов көшесіндегі аулалардағы қоқыс контейнерлері уақытылы тазаланады. Ал жиһаз, басқа да ірі көлемдегі қоқыстарды тұрғындар өздері арнайы көлік жалдап, шығаруы қажет. Алайда біздің халық олай жасамайды, ауладағы контейнерлердің жанына әкеп, үйіп-төгіп кетеді. Мұндай қоқыстарды біз шығармаймыз, тұрғындар немесе әкімдіктің мердігер ұйымдары шығарады. Біз контейнердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалаймыз, - дейді “ГорКомТранс” ЖШС-нің баспасөз хатшысы Бақытгүл Матуова.

Бес қабатты үйлер қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан. Таза ауамен тыныстаудан қалған қариялар көршілерінің настығына қайран қалады.

Бәріне тұрғындардың өздері кінәлі. Басқа жерден кінәліні іздемей-ақ қояйық. Осы аулаларға ешкім де сырттан әкеп қоқысын тастамайды. Ауланы қоқыс үйіндісіне айналдырған осы үйлердің тұрғындары. Олар осы қоқыс арқылы біздің ғана емес, өздерінің де денсаулығына зиян келтіріп отырғандығын түсінбейді. Дәл қоқыс алаңының жанында күні бойы балалар ойнап жүреді. Кейде жас балалар қызық көріп осы қоқысты таптап, бүлінген заттарды ойыншық қылып ойнайды. Өзіңіз қараңызшы, үйден шыққан бетте 4-5 метрден соң қоқыс алаңы басталады. Күн сайын осы көріністі көруге, осы иіспен демалуға мәжбүрміз, - дейді наразылығын жасыра алмаған Бибіжан апай.

Тұрғындардың айтуынша, күн ыстықта қоқыс сасып, сасық иістен тыныс тарылып, пәтердің терезесін ашу мүмкін болмай қалады.

Бұл қоқос үйіндісінен құтылудың жалғыз жолы - айыппұл салу. Ауладағы бейнекамералар жұмыс істемейді. Сол камераларды жөндеп, қоқыстарын қалай болса солай тастатын тұрғындарға айыппұл салу керек, - дейді ауласының жағдайына бей-жай қарай алмайтын Наталья.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы