Үнді сарапшылары «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын» талқылады
Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы тақырыбына арналған «Дөңгелек» үстел өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Vivekananda International Foundation және Awareness of National Security талдау орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ Hindustan Times, The Economic Times, ANI News, Deccane Chronicle, The Tribune, WION, India Blooms, INS India (Urdu News Agency), PTI News, Pacific1News, Sarkaritel, Business Central Asia, Extraordinary and Plenipotentiary Diplomatist, Embassy News жетекші үнділік БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев «Дөңгелек үстелге» қатысушыларды Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырып, Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болғанына және олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру екендігіне тоқталды.
Атап айтқанда, Н. Жалғасбаев еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделген Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасына егжей-тегжейлі тоқталды.
Өз кезегінде, Үндістанның ірі «Вивекананда халықаралық қоры» (Vivekananda International Foundation, VIF) талдау орталығының аға ғылыми қызметкері д-р Правеш Кумар Гупта, жаһандық геосаяси ортадағы бұрын-соңды болмаған өзгерістер заманында әлемнің барлық елдері экономикалық күйзелістерден аман қалу және әлемдегі геосаяси тепе-теңдікті сақтау үшін күресіп жатқан уақытта Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев елдің экономикалық өсуінің жаңа экономикалық моделін ұсынып отыр. Бұл даму стратегиясы инклюзивті экономикалық өсуге және Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Оның пікірінше, ұсынылған жоспар ауқымды болып көрінгенімен, оның табысты болады деп күту орынды болар еді, өйткені Президенттің таяу уақытта жүргізген реформалары қазірдің өзінде қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға септігін тигізді.
Үндістанның «The Economic Times» газетінің дипломатиялық редакторы Дипанжан Рой Чаудхури еліміздің Парсы шығанағы порттарына ашатын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығы туралы ел Президентінің жарияланған бастамасына назар аударып, Қазақстан Президенті осылайша елді Еуразиялық транзиттік хабқа айналдыруды көздеп отырғанын атап өтті.
Бұдан басқа, іс-шараға қатысушыларға алдағы Республика күні, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының 21-ші отырысының қорытындылары, сондай-ақ елімізде бизнес жүргізудің жаңа мүмкіндіктері, оның ішінде Қазақстан экономикасына инвестиция салу перспективалары туралы ақпарат жеткізілді.
Кездесу соңында қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін де талқылап, осындай форматтағы кездесулерді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.