Үнді мұхитындағы қайғылы оқиға: « жақсы өмір» іздеген 250-ге жуық адам із-түзсіз жоғалды
BBC мәліметінше, мигранттарға толы кеме Бангладештен шығып, Малайзияға бағыт алған. Алайда жолда қатты жел мен биік толқындардың салдарынан кеме апатқа ұшыраған.
Үнді мұхитында мигранттар мінген қайықтың аударылуы салдарынан шамамен 250 адам із-түзсіз жоғалды. Олардың арасында рохинджа мұсылмандары мен Бангладеш азаматтары бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
BBC мәліметінше, мигранттарға толы кеме Бангладештен шығып, Малайзияға бағыт алған. Алайда жолда қатты жел мен биік толқындардың салдарынан кеме апатқа ұшыраған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы-ның босқындар мен көші-қон жөніндегі агенттіктерінің дерегінше, қайық шамадан тыс адам тиеген және ауа райының қолайсыздығы апатқа себеп болған.
9 сәуір күні Бангладеш туын көтерген кеме теңізден тоғыз адамды құтқарып алды. Тірі қалғандар 4 сәуірде жақсы өмір іздеп жолға шыққандарын айтқан. 7-8 сәуір аралығында олардың қайығы дауылға тап болған.
Құтқарылғандардың айтуынша, олар екі тәулікке жуық теңізде қалқып, бөшкелер мен ағаш сынықтарына жабысып аман қалған.
Аман қалғандар «Мегхна Прайд» танкеріне жеткізіліп, кейін Бангладештің аумақтық суларына кірген соң «Мансур Али» атты жағалау күзеті кемесіне тапсырылған.
Қазіргі уақытта жоғалған адамдар мен қайықтың өзі әлі табылған жоқ.
Тірі қалғандардың бірі – Рафикул Ислам – теңізде шамамен 36 сағат бойы қалқып жүргенін айтты. Оның сөзінше, Малайзияда жұмыс уәде етілген соң ол осы қауіпті сапарға шыққан. Жоғалғандардың арасында балалар да бар.
БҰҰ халықаралық қауымдастықты рохинджа босқындары мен оларды қабылдап отырған қауымдастықтарға көмекті жалғастыруға шақырды.