«Үндемеуге құқығыңыз бар»: Қазақстанда тұтқындалған азаматтарға не айтылуы тиіс?
Ұсталған адам қандай құқықтарын білуі керек? Үндемеу, адвокат көмегіне жүгіну және жақындарына қарсы жауап бермеу құқығы қалай қорғалады?
Азаматтарға тұтқындалған сәтте бірден процестік құқықтары, соның ішінде үндемеу және адвокаттың көмегін пайдалану құқығы толық көлемде түсіндірілуі тиіс. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура Қазақстанда ұсталғандар үшін қандай кепілдіктер қарастырылғаны туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, азаматтардың процестік құқықтарын сақтау тек тұтқындау сәтінде ғана емес, сонымен бірге жеткізу, мәжбүрлеп алып келу, тергеу, жауап алу және басқа да процестік әрекеттер кезінде міндетті.
Адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңызды кепілдіктерінің бірі – тұлғаны ұстау, жеткізу, мәжбүрлеп алып келу, тергеу, жауап алу және басқа да процестік әрекеттерді жүргізу кезінде оған өзінің процестік құқықтарын уақтылы әрі толық түсіндіру, – деп хабарлады ІІМ.
Тұтқындау кезінде не түсіндірілуі керек?
Халықаралық практикада, соның ішінде кеңінен танымал «Миранда ережесі» ұсталған адамды өзінің негізгі құқықтары туралы міндетті түрде ақпараттандыруды көздейді.
Атап айтқанда, азаматтарға мынадай құқықтар түсіндірілуі тиіс:
• Үндемеу құқығы;
• Қорғаушы талап ету;
• Заңды көмек алу;
• Әр жауабы сотта өзіне қарсы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін екенді.
Халықаралық құқық қолдану практикасы, соның ішінде кеңінен қолданылатын “Миранда ережесі” әрбір ұсталған адамға оның негізгі процестік құқықтарын, соның ішінде үндемеу құқығын, қорғаушыға және білікті заң көмегін алу құқығын міндетті түрде түсіндіру, сондай-ақ ол берген айғақтар заңда белгіленген тәртіппен дәлелдеме ретінде қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін ескерту қажеттігінен туындайды, – дейді ІІМ.
Адвокат – ұсталған сәттен бастап
Конституцияда 18-баптың 4-тармағына сәйкес, тұлға ұсталған сәтінен бастап адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы. Күдікті үшін бұл құқық оны күдікті деп таныған сәттен бастап, ал айыпталушы үшін – айып тағылған сәттен бастап күшіне енеді.
Тағы бір маңызды кепілдік Конституцияның 19-бабы 2-тармағында қарастырылған.
Ешкім өзіне, жұбайына (жарына) және заңмен белгіленген жақын туыстарына қарсы жауап беруге міндетті емес, – деп ескертті ведомство өкілдері.
Осылайша, ұсталған адам өзіне және өзінің жақындарына қарсы жауап беруден бас тартуға құқылы. Жауап беру құқығын пайдаланудан бас тартудың өзі адамды мұндай шешімнің себептерін түсіндіруге міндеттемейді.
Құқықтарды түсіндіруге кім міндетті?
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық процеске қатысушыларды хабардар ету міндеті Қылмыстық-процестік кодексте де қарастырылған.
ҚПК-нің 26, 27 және 28-баптарына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізетін орган азаматқа оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, қорғалу құқығын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге және процестік әрекеттер барысында заңдылықтың сақталуы бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
Ішкі істер органдарынан заңдылықты қатаң сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ процестік қызметті жүзеге асыру кезінде кез келген формалды көзқарас фактілерін болдырмау талап етіледі, – делінген ресми жауапта.
Тәжірибе бұл құқықтарды түсіндіру жай ғана формалдық болмауы тиіс екенін білдіреді. Адам өзінің қандай процестік мәртебеде тұрғанын, қандай құқықтарға ие екенін және айтқан сөздері кейіннен қылмыстық іс шеңберінде өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін анық түсінуі керек.
Ұстау кезінде есте сақтау қажет басты мәселелер: азамат үндемеу құқығын пайдалануға, адвокаттың көмегіне жүгінуге және өзіне, жұбайына (жарына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақ бермеуге құқылы. Бұл құқықтарды түсіндіру міндеті қылмыстық процесті жүргізетін органға жүктеледі.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда "Миранда құқығы" енгізілсе, не өзгереді?