Ұн кей аймақтарда 50 пайызға дейін қымбаттады – СИМ
Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Сауда және интеграция министрлігі өкілдері айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қант бағасы жыл басынан бері 11 пайызға төмендеді. Ал ұнға келер болсақ, кейбір өңірлерде ұн бағасының өсіп жатқанын байқап жатырмыз. Бірақ себептеріне байланысты жұмыс жасадық. Қазіргі таңда ұн мен қант бойынша ешқандай тапшылық жоқ, - деді Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оның сөзін СИМ Сауда комитеті төрағасы Айдар Әбілдабеков толықтыра кетті.
Биыл жазда бидайдың бағасы тоннасына 70-90 мың теңге арасында болған. Қазір кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қоймаларындағы бидайды 140-150 мың теңгеге сата бастады. Оның себебі – «Ойбай, Қазақстанда бидай жетпей қалады деген» ажиотаждық сұраныс. Нарықтық жағдайда сәл тапшы болып қалса, кәсіпкерлер тез арада бағаны көтеріп жібереді. Оған негізгі себеп жоқ, - деді ол.
Әбілдабеков өз сөзінде Ауыл шаруашылығы министрі бидай толығымен өзімізге жеткілікті деп баяндап отырғанын айтты. Сондай-ақ ұн бағасы өсуінің бір себебі ауа райына да байланысты екенін атады.
2-3 аптадан бері жаңбыр жауып жатыр, бидай кеппей жатыр. Ылғалдылық болғандықтан, баға өсе бастады. Ол бидай азық-түлік бидайына жатпайды, оны өндірген соң ол дұрыс ұн болмайды. Сондықтан ұн диірмендері шығарып жатқан ұнын бұрынғы қорларынан қымбаттырақ сатып жатыр. 13 аймақта 50 пайызға дейін ұн қымбаттады, ол рас, - деді Әбілдабеков.
Алайда ол қоймалардағы ұн мөлшері елімізге жеткілікті деп сендірді.
Азық-түлік корпорациясының қоймаларында 95 мың тонна бидай бар. Ұн диірмендері өз бидайымыздан 750 мың тонна ұн шығарып береміз деп отыр. Бір аптаның ішінде жағдай тұрақталады деп отырмыз, - деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, Айдар Әбілдабеков Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бүгін ұсыныс жасалып, олар нарықтағы ірі ойыншыларға сұраныс жіберіп, тергеуді бастайтынын жеткізді.