Ұмытылған намысымыз оянып келе жатыр - Әубәкіров

Президенттік кандидатты қолдау форумында Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сөз сөйледі деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Алдымызда үлкен науқан келе жатыр. Ол науқанның алдында біздің Президент халыққа арнап үндеу жасады. Біз осындай күндерді 30 жылдай уақыт күттік, - деді сөз басында.

Әубәкіров Мемлекет басшысы туралы айтты.

Бұл кісінің тазалығы ерекше. Бұл азаматтың білімі - басқаша. Әлемдік ортада сөз сөйлеген кезде бүкілін тәнті етеді. Президентіміздің дипломатиялық дәрежесі өте жоғары. Сондықтандан бұл кісіні мақтамау керек, бұл кісімен біз мақтануымыз керек. Қазақ бұрын айтушы еді «бірлік бар жерде - тірлік бар» деп. Сол тірлік болу үшін, болашағымыз болу үшін біріншіден, бірлік болуы керек. Басымызды бәріміз қосып,  ойымызды бір жерден шығаруымыз керек, - деді Тоқтар Әубәкіров.

Халық қаһарманының айтуынша, ұмытылған намысымыз оянып келе жатыр.

Мен жиі халықпен кездесіп тұрамын, әсіресе жастармен. Елдің білім ордаларына өздері жиі шақырып тұрады. Жарты жылдың ішінде байқағаным «қазақтың балаларының бойы да биік сияқты болып» көрінеді. Рухтары көтерілген, намыстары оянған. Ұмытылған намысымыз оянып келе жатқанын аңғардым. Тәубе, мен оған куәмін. Қазақстанның болашағының болатынына қуаныштымын, - деді тұңғыш ғарышкер. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы