Үмітті ешқашан жоғалтпау керек: Киноновелла көрерменге жол тартпақ
Бұл – Qazcontent пен Музыкалық жас көрермен театрының бірлескен алғашқы жұмысы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіптің бастамасымен қазконтенттіктер мен Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұжымы қосылып «Ғашықтар» киноновелласын түсіріп жатыр. Шығармашылық топқа киноновелла сценарийін жазуға шабыт берген жас көрермен театрындағы «Ғашық-жүрек» қойылымы.
Басында спектакльді көркем түрде түсіруді жоспарлағанбыз. Сосын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын кірістіріп, бірақ бөлек сюжетпен, қазіргі заманға сай оқиғаны кино сияқты түсіруді ұсындым. Қазір түсірілім қарқынды түрде жүріп жатыр, - деді түсірілім алаңында қоюшы оператор қызметін атқарып жүрген Qazcontent-тегі Мультимедиялық контент бөлімінің басшысы Нұртай Башенов.
«Ғашықтар» түсірілімінде екі ұйымнан екі режиссер жұмыс істеп жатыр. «Qazcontent» АҚ режиссері Дәулет Әуелбеков өз сөзінде бірлескен жұмыстың жанрын түсіндіріп өтті.
Киноновелла деген – кинодағы мюзикл. Біздікі шамамен 20 минуттық қысқа метрлі киноновелла болады. Бұл – Qazcontent үшін де, театр үшін де алғашқы тәжірибе, компанияның театр ұжымымен бірінші коллаборациясы. Сондықтан біз де, театр актерлары да бұл жанрға бейімделуі керек. Өйткені театр мен кино – екі бөлек дүние. Театрда қозғалыстар, сөздер кең көлемде берілсе, кинода детальдар рөл ойнайды. Мимиканың өзі егжей-тегжейлі көрсетіледі, - деді ол.
Режиссер сценарий жазуға АҚ-ның «Әдебиет» порталының бас редакторы, жазушы Нұрлан Қабдай көмектескенін айтты. «Ендігі міндет – оны экранизациялау» деді Әуелбеков.
Ал Музыкалық жас көрермен театрының режиссері Бауыржан Нұрбай киноновелланың көпшілікке ой салатын туынды болатынына сенім білдірді.
Біздің шығарма үлкен арманмен Астанаға келген қыздың тағдыры мен махаббаты туралы деуге болады. Мұнда музыка да, поэзия да қамтылады. Осы туынды арқылы армандар орындалады, үмітті ешқашан жоғалтпау керек, мақсатқа жету үшін сенің қай жерден келгенің емес, қалай еңбек еткенің мен қиындықтарға қалай төтеп бергенің маңызды деген мессенджді жеткізгіміз келеді, - деді ол.