«Ұмай» ұлттық сыйлығы биыл да өтеді
Биыл да Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен өнер қайраткерлеріне арналған «Ұмай» ұлттық сыйлығы жалғасын табады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында ведомство басшысы Асхат Оралов мәлімдеді.
Министрлік мәдени өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қандай жұмыстарды жүзеге асырғанына тоқталды.
Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен өнер қайраткерлеріне арналған «Ұмай» ұлттық сыйлығы және композиторлар арасында республикалық «Дала дауысы» байқауы өткізілді. Оны дәстүрге айналдырып, биыл да жалғастырамыз. Бұл бірегей жобалар ұлтымыздың рухын көтеретін құнды шығармалары мен үздік туындыларын қолдауға бағытталған, - деп айтты Асхат Оралов.
Сонымен бірге тарихы тереңнен бастау алған ұлттық мәдениетіміздің төресі, рухани кодымыздың бірегейі – күйдің құдыреті де назарда болды.
«Шертпе күй» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі, Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың республикалық конкурсы сияқты ауқымды байқаулар өткізілді. Ол жалғасын табады, - деп толықтырды Мәдениет және спорт министрі жиында.