«Ұмай» табысы жоғары қыз-келіншектерге де қолжетімді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйелдерге арналған бағдарламаның талаптары өзгерді. Енді «Ұмай» табысы жоғары қыз-келіншектерге де қолжетімді.
Бұл туралы Отбасы банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іскер әйелдер үшін ортақ отбасылық табыс шегі 320 000 теңгеден 640 000 теңгеге дейін көтерілді.
Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15%-дық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20%-дық алғашқы жарнамен алуға болады.
Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме 13,5% (ЖТСМ - 14,5%-дан бастап) тең, кейіннен 5%-ға дейін (ЖТСМ - 5,2%-дан бастап) төмендетіледі.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады.
Гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген әйелдер бағдарламасы – Отбасы банк пен Азия даму банкінің бірлескен жобасы. Оны іске асыруға АДБ 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді көздеп отыр. 2021 жылы «Ұмай» бағдарламасы басталған кезде, бірінші транш аясында, жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 қазақстандық қыз-келіншек қарыз алды. Аталмыш өнімге деген сұраныс әсіресе Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары арасында көбірек болатын.
Аударылатын екінші транш көлемі – 14 млрд теңгеге тең болмақ. Биыл несие алу туралы өтініштер наурыз айының ортасынан қабылданатын болады. Бұл туралы Отбасы банк клиенттеріне қосымша хабарлайды. Осы жылы АДБ қарыз қаражатын жоғары мөлшерлеме бойынша орналастыратындықтан, қарыз алушылар үшін ол жылдық 13,5%-ға дейін ұлғайтылды.
«Ұмай» бағдарламасы – бірінші тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама емес. Ол тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе балаларына жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатымен, екінші немесе үшінші тұрғын үй сатып алуды көздеп отырған, кірісі жоғары әйелдерге арналған.
Еліміздің көптеген қыз-келіншектері Отбасы банкінен алғашқы жарнасы төмен, балабақша, мектеп, жұмысқа жақын болатын жерден, яғни екінші нарықтан тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бағдарлама шығаруды сұрағандықтан, «Ұмай» бағдарламасы пайда болды.
Бүгінгі таңда Отбасы банкінің несиелік портфеліндегі әйелдердің үлесі қарыз алушы ерлермен салыстырғанда жоғары. Мәселен, қарыздар саны бойынша әйелдердің үлесі – 57% болса, несие сомасы мен берешек қалдығы бойынша – 53% тең. Соңғы 5 жыл ішінде әйелдер Отбасы банкінен кредитті ерлерге қарағанда белсендірек алуда, олардың кредиттік портфельдегі үлесі өзгеріссіз 55-57% деңгейінде.