Umai сыйлығының иегерлері марапатталды

Астанада UMAI өнер саласындағы тұңғыш Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

5 айға созылған конкурсқа қатысу үшін 400-ден астам өтінім түсті. Сыйлық «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында «Оскар» форматында табысталды.

Жалпы, 19 лауреат UMAI мүсіншесі мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Елімізде тұңғыш тағайындалып отырған UMAI ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын, өнер саласындағы жыл үздіктерін анықтауға арнайы жиналып отырмыз. «Ұмай» ұлттық сыйлығы – сахна арқылы санаға төңкеріс жасайтын, жүректерден ізгілік іздейтін нағыз өнер майталмандарына арналған.

Өздеріңіз білесіздер, кез келген адам күнделікті күйбеңнен өзін тек театр, би, сурет, музыка, әдебиет арқылы ғана құтқарады. Сондықтан, бұл премияның маңызы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде деп санаймын. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!, – деді Дәурен Абаев.

Сонымен, сыйлықтың лауреаттары:

«Театр өнері» номинациясы бойынша:

« Опера өнері» – ерлер партиясының үздік орындаушысы – «Астана Операның» жетекші солисі Медет Чотабаев (Каварадосси партиясы, «Тоска», Дж.Пуччини). Әйел партиясының үздік орындаушысы – «Астана Операның» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина (Аида партиясы, «Аида», Дж.Верди);

«Актерлік шеберлік» – Үздік ер адам рөлі үшін сыйлықты Ғалымбек Оспанов алды (Генри Хиггинстің рөлі, Б.Шоудың «Менің сүйікті періштем» пьесасы бойынша, режиссері – А.Оразбеков, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театры). Үздік әйел рөлі үшін сыйлықты Ольга Коржева алды (Марина Цветаеваның рөлі, «ARS Amandi. Махаббат өнері». Режиссері – Г.Ефимова, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры);


«Үздік режиссура» – В.Шекспирдің «Король Лир» қойылымы үшін Фархат Молдағали. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театры;

«Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі» – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры;

«Үздік музыкалық-драмалық спектакль» – «Бөрте» Д.Исабеков. Түркістан музыкалық-драма театры.

Бес сыйлық «Хореография өнері» номинациясында анықталды:

«Үздік би ұжымы» – «Аққу» би ансамблі. Жетекшісі – Гүлнара Мамбетова. «Ене тәрбиесі» биі. Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы;

«Балеттегі үздік орындаушы» – Үздік солист – Айнұр Әбілғазина, «Астана Балет» театры. Үздік солист – Азамат Асқаров. Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры;
 

«Үздік хореограф» – Мукарам Абубахриева, «Сұлтан Бейбарыс» балеті. «Астана Балет» театры.
 

«Үздік балет қойылымы» – «Дала үні». 2 бөлімнен тұратын балет, композиторлар – Қ.Шілдебаев, Р.Гайсин, Т.Момбеков, К.Пино-Кинтана. Көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры.

«Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясының жеңімпаздары үш марапатқа ие болды:

«Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Диас Мұратхан, «Алатау» дәстүрлі өнер театры (Алматы)

«Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Жанғали Жүзбай, Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана).

«Үздік музыкалық ансамбль» – DUET CLASSIC Ермек Құрманаев / Анара Камельинова. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы (Алматы), Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана).

«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында үш сыйлық табысталды:

«Үздік сәндік-қолданбалы өнер туындысы» үшін – Сәуле Бапанова. Киізден жасалған коллекция. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы;

«Көркем суретшінің / графиктің үздік жұмысы» суретші Вячеслав Люй-Ко «Умайдың оралуы» (графика).

«Заманауи өнердегі үздік жоба» үшін – Сәкен Нарынов. «Алтын жүрек» жобасы. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер Одағы.

«Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қолынан Рикардо Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті үшін Қазақ ұлттық хореография академиясы және «Айжан әжесінің ертегісі», «Қайта жаңғырған өрнек», «Дастархан» трилогиялары үшін Маңғыстау облыстық қуыршақ театры алды. Режиссер – Надежда Насырова.

Сонымен қатар «Ұмай» ұлттық сыйлығының сараптау комиссиясы 2 ынталандыру сыйлығын табыстады: Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры Н.Думбадзенің әңгімесі бойынша қойған «Ит» спектаклі, режиссер – Антон Зайцев, суретші – Әсия Құрманалина. Мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Мейірім» оңалту орталығының «Ұмайдың оралуы» мюзикліне «Жалпыадамзаттық құндылықтардың маңыздылығын ұғынғаны үшін (Алматы қ.). Жоба авторы – Ғалия Утебекова (Алматы қ.). Ұжымдарға  Алматы мен Астананың кәсіби театр сахналарының бірінде өнер көрсету құқығы берілді.

Биыл біз мәдениет және өнер саласындағы көптеген жобаларды іске асырдық. Umai-дан басқа, Dala Dauysy шығармашылық байқауы, «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі, Роза Бағланова атындағы вокалистер байқауы, Astana Piano Passion жас пианистер байқауы, «Алтын домбыра» республикалық айтысы, «Еуразия» кинофестивалі, «Айбоз» әдеби сыйлығы және басқа да жобалар. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың ат үстіндегі айбынды рухын көтерген, қаламгерлеріміздің, өнер өкілдерінің шабыттарына шамшырақ болған жүйелі жұмыстар бір жыл ішінде ғана атқарылды. Министрліктің басқа да салаларына, яғни спорт пен туризмге қатысты қолға алынған іс-шаралары да жетерлік. Өз кезегінде, осы іргелі істерді бірлесіп атқарған барлық әріптеске айрықша алғыс білдіргім келеді. Келесі жылы мұндай жобалар одан да көп болады, – деп түйіндеді Дәурен Абаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы