Ұлжан Пармашқызы: Қазақ радиосы – қазақ мәдениетінің бел омыртқасы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған сұқбаттар сериясының келесі қонағы – Қазақ радиосында 40 жылға жуық диктор болған Ұлжан Пармашқызы.
- Ұлжан апай, қазақ «мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Сіздің атыңызға қанық халқыңыз өмірбаяныңыздан хабарсыз екені анық. Ендеше, әңгімені өзіңізбен танысудан бастасақ...
- Мен 1947 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келдім. Сол өңірдегі Шақпақ ата ауылында Сағындықов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы өнер институтына түсіп, оны 1970 жылы әртіс болып бітірдім ғой. Сол жылдан бастап Қазақ республикалық радиосында 40 жыл диктор болып қызмет еттім.
- Демек университетті бітіре сала бірден радиоға келген екенсіз ғой?
- Иә, Республиканың түкпір-түкпірінен келетін хабарлармен қоса, өнер, тағы да басқа сала жайында радиокомпозициялар жасайтын едік. Ол – ұлы жырау Жамбыл Жабаев, қазақ топырағынан шыққан аса танымал саяси және мәдениет қайраткері Ілияс Омаров, қазақтың бетке ұстар ақындары Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденов, алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы, халық батыры Бауыржан Момышұлы, жазушы-аудармашы Құрманбек Сағындықов, тамаша ғалым Мүсілім Базарбаев, жасындай жарқ еткен Бауыржан Үсенов, жазушы Дүкенбай Досжан және тағы басқа да талант иелері жайлы «Қаламгер» хабары бойынша жасалған радиокомпозициялар еді. Осы еңбегімнің арқасында Қазақстан Мәдениет министрлігінің бірнеше мәрте «Құрмет» громотасымен марапатталдым, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты атандым, Телерадио байқауының «Алтын жұлдыз» иегері, жезтаңдай диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы және ақын Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты болдым. Бүгінгі таңда өзім туып-өскен Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанып отырмын.
- Бір сөзбен айтқанда, еліме еткен еңбегім еленді дейсіз ғой?
- Әрине, халқыңа қылған қызметің ерте ме, кеш пе, бағаланбай қоймайды.
- Енді әңгіме арнасын қырық жыл ғұмырыңызды арнаған қасиетті қара шаңыраққа қарай бұрсақ...
- Қазақ радиосы мен үшін өте қастерлі ұғым. Өйткені саналы ғұмырымның 40 жылға таяу салиқалы сәттерінің дені осы ұйымның қасиетін саралаудан тұрады. Өзіне де табаны күректей 100 жыл толып отыр. Бұл бір ғұмыр үшін көп уақыт көрінгенімен, тарих үшін әп-сәттік мерзім.
Ашаршылықтың ащы запыраны, қуғын-сүргіннің қым-қуыт соқпақтары, алапат соғыстың өкпек желі – бәрі де осы радио арқылы елге жетіп жатты. Бәрі де таспаланған тарих.
- Демек, радио – заман тынысы, дәуір үні дейсіз ғой?
- Дәл солай. Оның бір ғана «Алтын қорының» өзін алайық. Кімдердің үні, кімдердің дауысы жоқ дейсіз?! Сол дауыстар мен әуендер біздің буынның, кейінгі толқынның жүрегіне жақын үндер болды. Миллиондардың мінбері – Қазақ радиосы – Республика мәдениетінің бел омыртқасы, үкілі үні. Сусап отырған халықты ағыл-тегіл хабарға, жаңалыққа қандырған бастау бұлағы. Ол дүниеге келген кезде қазақ әлі түгел сауатты да емес, хат танымайтындар, қағаз ұстамайтындар көп еді. Ондай қауым үшін радио тек жаршы болып қана қоймай, ағартушы да бола білді.
- Сіз радиоға келген сонау 70-жылдар бұл қара шаңырақ қазақ руханиятының марғасқалары ат басын тірер ақордасы іспетті еді...
- Әл-Фараби бабамыз өз трактаттарының бірінде «Ұлы даңқ ешқашан құламайтындарға емес, құлай жүріп өз аяғынан қайта тұрғандарға келеді» деген екен. Сол секілді ұлттық ақпараттың қастерлі ордасы – Қазақ радиосы да түрлі кезеңдерде елмен бірге басқа түскен нәубетті кешіп, елмен бірге еңсе көтеріп отырды ғой. Жаңа өзің айтып отырғандай, осынау қасиетті шаңырақтың биік мінберіне жыр алыбы Жамбыл, қара сөздің қаймағы Мұхтар Әуезов, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев, күй періштесі Дина, еліміздің даңқты ұлдары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, күміс көмей Күләш, т.б. қатарлы ұлт мүддесі жолында аянбай тер төккен халқымыздың көптеген аяулы ұл-қызы жиі көтеріліп, көкейкесті сөздерін көпшілікке арнады.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, атақты әнші Ермек Серкебаев, талантты сахна саңлағы Зәмзәгүл Шәріпова қатарлы аға-әпкелеріміз әуелі көпшілікке радио-диктор ретінде танылған.
Қазақтың небір корифейлері – зиялылары, академиктер, ғалымдар, ақын-жазушылар, әртістер келетін ол кезде. Күндей күркіреген Сырбай ағаны, Мұқағалиды, Жұмекен мен Сафуанды, Ғафу ағаны осы радионың маңынан жиі көретін едік. Шәмші аға мен Әбілахат Еспаев та осы радиодан табылатын. Бір қызығы, сол кезде қазақтың игі жақсылары бірін-бірі іздеп жүретін. Бір-бірін көруге, әңгімелесуге, сырласуға құштар болатын.
- Ұлжан апай, радио ардагерлері арасында ертеден қызмет істеген жандардың бірі өзіңіз екенсіз. Тіпті әйгілі Мина апамыздың да жанында он шақты жыл бірге жүріпсіз. Радио тарихы жайлы, құрылған кезі туралы айтушы ма еді сол кездегі үлкендер?
- Өз болмысымен ересен іс тындырып келе жатқан бұл қара шаңырақ – Қазақ радиосы – әрбір көзі ашық, көңілі ояу қазаққа етене таныс. Әр сәті, әр мезеті елеулі оқиғаларға толы. Туған еліміз үшін, өз ана тіліміз үшін ауадай қажет.
Білікті маман ғалымдарымыздың мұрағаттарды ақтарып, зерттеулерінің нәтижесінде радио үнінің алғаш қазақ аспанына, әуе толқынына шыққан сәті нақты анықталды. Сол кездегі Қазақ Орталық атқару комитетінің мемлекеттік радио ашу жөніндегі қаулысы 1921 жылғы 29 қыркүйекте қабылданған екен. Және бір қуанарлығы, бұл идеяның басында алаштың ардақты азаматтарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы тұр емес пе?!
Қазақ радиосы ел басына күн туған небір ауыр кезеңдерде, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ересен рөл атқарды ғой. Кеңес әскерінің неміс-фашист басқыншыларымен соғысының беталысын, қиян-кескі ұрыстардың хабарын, жер-жаһанда болып жатқан басқа да жаңалықтарды, қалада да, далада да көше-көшеде өздері қолдан ілген бағана басындағы үнтаратқыштар (радиорепродуктор) арқылы естіп, біліп отырды ғой ол кезде. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде де радио жұртқа ақпарат таратумен ғана шектелмей, елдің еңсесін көтеріп, ертеңге деген сенімін арттырумен болды. Мал-жанның амандығынан кейін «не хабарың бар?» деп сұрайтын дала тұрғындары үшін бұл нағыз ұмытылмас оқиға еді.
Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғаны туралы суық хабарды да, сол соғыстың аяқталғаны туралы қуанышты хабарды да жұрт жиналып, осы көше радиосынан естіген. Осынау байтақ даланы тек радио ғана игере алды. Содан жылдар өткен сайын өмір өзгере берді. Байланыс техникасы да жаңара түсті. Көшедегі радио енді үй-үйге кірді, төрден орын алды. Енді отбасы адамдары бірге тыңдайтын болды. Ал шағын, қолға ұстап жүруге ыңғайлы транзисторлар шыққаннан кейін радио әрбір адамның жеке сырласына, ойша сөйлесетін мұңдасына айналды.
Өткен ғасырдың ғаламат дауыстарын еститін болдық. Әміре мен Исаның, Күләш пен Шабалдың, Ермектің, диктор Байжанбаевтың үндері халық құлағында қалып, санасына сіңді. «Алтын қорда» қаншама жазушылардың, ғалымдардың дауыстары, үндері сөздері қалды. Бағалай бағалай білсек бұл жәдігерлер қазақ үшін баға жетпес байлық.
- Радионы радио етіп тұрған – микрофон секілді, менің ойымша.
- Дұрыс айтасың. Микрофон деген керемет қасиетті күш. Ал радионың қасиеті – сенің үйіңнен төр іздемейді, сенің уақытыңды алмайды. Оны сен шаруаңды тындырып жүріп те тыңдай бересің. Бұл – радионың құдіреті, ерекшелігі. Тыңдайтының – диктордың үні, дауысы.
- Диктор демекші, өмір бойы дикторлықпен айналыстыңыз ғой, осы туралы айтыңызшы?
- Диктор – хабар дайындаушы редактор мен радио тыңдаушының арасындағы дәнекер, бар жаңалықты жеткізуші адам.
Жан әлеміңізді баурап, әдемі сезімге бөлейтін дауыстың әсерінен көпке дейін арыла алмай, қайта-қайта тыңдауға құштар етіп қоятын қоңыр үн болады. Шығармашылық дегеніміз адамға ешқандай дәрі-дәрмекті, күш-қуатты керек етпей-ақ, ғажайып сәтті бастан өткеруге мүмкіндік беретін, тілмен айтып жеткізе алмайтын тылсым бір дүние.
Дауыс ырғағын орынды пайдалану, мәтіннің қай тұсына аса мән берілуі керек, қай сөзге екпінді ерекше түсірген дұрыс, осының бәріне аса зейін қойып, таразылап алмайынша, хабардың бар болмысын тыңдарманға жеткізу қиын.
Дикторлық – жасырынатын жерің жоқ, ел алдындағы кәсіп. Аса жауапкершілігі мол, қиын да, қызықты еңбек. Сәл мүлт кетсең көпшіліктің көңілін қалдыруың мүмкін. Әрі оны кірпияз тыңдаушы кешіре де бермейді. Жаратушы иеміз адамзат баласына дарын ба, әлде қабілет пе, әйтеуір бір нәрсеге бейім қасиет сыйлайтын секілді.
Радио дикторларының сөйлеп тұрған дауысын ғана естіп, сол дауыс арқылы санаңызда бейне жасайсыз, ойша сурет саласыз, мінез-құлқын саралайсыз. Дауыс ерекшелігі сол – бәрі білініп тұрады. Дауыс арқылы сіздің үйдің бір мүшесіндей сағына қауышасыз.
Өзім бала кезімде осы әсем ырғақ пен сүйкімді үндерді тыңдап отырып, өздері де келісті, әдемі адамдар шығар деп ойлайтынмын. Кейін білім алып, есейіп, радио үйіне дикторлыққа қызметке орналасып, бәрімен танысып, көзім жеткені – шетінен дауыстары секілді әдемі адамдарды көрдім.
- Радиодикторлыққа қабылауда қандай талап қойылатын еді?
- Радио болсын, телеарна болсын ол кезде әсіресе дикторлыққа жайдан-жай қабылдай салмайды. «Диктор – радионың айнасы» дейтіні де содан болар. Оның да аса жауапты, жоғары талап, талғам, кез келгеннің тісі батпайтын күрделі шарттары болатыны белгілі. Қай жылдары болмасын радио үйінің есігін имене ашып, микрофонға қорқа-қорқа жақындаған жастардың алдыңғы аға-әпкелерден көргені, түйгені – үлкен мектеп еді. Олар – Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбаев, апайлар – Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Сара Омарходжаева, Жаңыл Біржанова, Жәнел Асқаровалар. Біз осы мектептен үйренген едік. Алдыңғылар салған соқпақпен жүрдік. Өмір сабақтары үйретті. Ол кісілердің бір-біріне деген сыйластығы, ниеттері ерекше болатын. Бір-бірін еркелетіп, «Әнеш», «Мәке», «Сәке» деп қана сөйлейтін еді. Осы үлкендердің ішінде сұрапыл соғысқа қатысқан тек Әнуарбек аға болатын. Сансыз ұрыстың бірінде басындағы каскасын оқ тесіп, ауруханаға түседі. Ұзақ емделіп, елге 1943 жылы қайтады. Сол кезде Алматының кішкентай радио үйінде хабар жүргізіп тек Мина апай ғана отырады. Сол жылдары халыққа алғашқы хабарларды жеткізген – Мина Сейітова апамыз. Соғыс кезі ғой. Әнуарбек аға жұмыс іздеп радио үйіне келеді. Соғыс салған жарасы әлі жазылмаған адам ауыр жұмысқа жарамайды. Ең оңтайлысы осы болар деп микрофон алдына отырып, мәтін оқуды бастайды. Мина апам жиырма жастағы жаралы жауынгерге ізетін жасап, жұмысқа қабылданғанын айтып отыратын.
- Радио ардагерлерінің әңгімесінен Мина Сейітова апамыз жайлы жиі естиміз. Ол кісінің Ахмет Байтұрсынұлының жиен келіні екенін де бертінде білдік. Жалпы Мина апамыз жайлы айтып беріңізші?
- Марқұм Мина апамызбен сексенінші жылдарға дейін – он жылдай қызметтес болдым. Қазақ радиосының өркендеуіне барлық күш-жігерін жұмсаған кісі еді. Өмірінің соңғы кезінде, тіпті әр күні радио үйіне келіп, бір ғана концерт жүргізіп кететін. Үнемі ақылын айтып отыратын.
«Сені тыңдап отырған жанның санасына жеткізіп, асықпай, әрбір әріпті дөңгелентіп оқуға тырысыңдар. Орнатқан жеріне қорғасындай құйыла қалатын әсем естілетін, орнықты сөз бар да, қылпылдап ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. Сендерді радиотыңдарман «үн дарабоздары» деп қабылдайды. Үлгі алады» - дейтіні есімді. Иә қазақ халқының ұлттық сана-сезімін, дүниетанымын, өскелең мәдениетін қалыптастыру керек. Сол кезде бұл біздің қасиетті борышымыз болған еді.
- Әңгімеңізге рахмет!