Ұлытауда жаңа автобекет ғимараты пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалың қауымның көкейінде көптен бері жүрген түйткілдің түйіні тарқатылып, аудан орталығындағы жаңа автобекет жолаушыларға пайдалануға берілді, деп хабарлайды ulytaynews.kz сайты. 

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсіміне осы шаруаға бастамашы болып, орнықты орындалуына тікелей дәнекерлік еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қатысып, жұртшылықты құттықтады.
 

Замана сұранысы мен жалпы қоғамның даму үрдісіне ілесе білу – бүгінгі күннің басты талабы. Мына автобекет – сол ұстаным негізінде қолға алынған, енді ел игілігіне мінсіз қызмет ететін орынға айналатын нысанның бірі. Бұдан былай жолаушылар автобусты жаздың аптабында күнге қақталмай, көктем мен күзде жауын-шашын астында дірдек қақпай, қыстың аязында қалтырамай, жылы әрі жайлы ғимаратта күтетін болады. Бұл жерде қалааралық көлікті күтушілерге қажетті жағдайдың бәрі жасалады, – деген Берік Әбдіғалиұлы бастапқы жоспар бойынша жер аяғы кеңи келе автобекеттің төңірегі тұтасымен абаттандырылатынын да атап өтті.  

Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Жақия Садықовпен бірге нысанның лентасын қиды.

Автобекет ғимаратында күту залы мен билет кассасынан бөлек көлемі кең бірнеше бөлме бар. Оларда сауда нүктелері мен шағын дәмхана ашылып, жолаушылар сұранысы негізінде, басқа да қажеттіліктер қарастырылатын болады.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы