Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан күдікті топ ұсталды

Ұлытау облысының полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері карьерлердің бірінің аумағында жедел іс-шаралар жүргізді. 

Полиция қызметкерлері алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан 30 және 41 жастағы жеті ер адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға орнынан эксковатор, су айдауға арналған құбырлар мен шлангтар, бір бөшке жанармай және 83 қап алтын кені тәркіленді.   

Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілерді – екі жол талғамайтын көлікпен жүрген 23 және 34 жастағы екі ер адамды ұстады.

Бірінші көлікті тексеру барысында бес патрондары бар тапанша табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тапанша атуға жарамды болды. Екінші көліктен полицейлер үш патронмен бірге травматикалық тапанша тапты. Сараптама қорытындысы бойынша қару атуға жарамды.   

ҚР ҚК-нің 334-бабы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) және ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы