Ұлытауда 1,1 млрд теңгеге 2 құс фабрикасы салынады

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Ұлытау облысының шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Кездесуге сондай-ақ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының, «Ұлытау» ӘКК» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Ұлытау облысы тарихи тұрғыда мал шаруашылығына маманданған және бұл бағыт өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі саласы болып қала береді. Өңірлік жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 5%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет, - деді Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ вице-министр ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын еске салды. Бұрынғы жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған еді.

Келесі жылы егістік және жинау жұмыстарына қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл фермерлерді ауыл шаруашылығы циклының барлық кезеңінде – егістікке дайындықтан бастап, өнім жинауға дейін қолдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-министр.

2025 жылға Ұлытау облысы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 700 млн теңге қарастырылған.

2024-2026 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Ұлытау облысында жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 2024 жылы 4 жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында 1,3 млрд теңгеге 2 өңдеу жобасы және 1,1 млрд теңгеге 2 құс фабрикасы жобасы бар.

Қазіргі уақытта барлық жобалар пайдалануға берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өзгелердің жаңалығы