Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарының экономикалық тергеу департаменттерінің басшылары тағайындалды
ҚМА Ұлытау, Жетісу, Абай облыстары бойынша экономикалық тергеу департаменттерінің басшылары тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Нұрлан Кәрімов Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Н.Кәрімов 1981 жылы 11 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Қаржы полициясы академиясын, «Еуразия» Батыс Қазақстан басқару және тілдер институтын бітірген.
Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.Еңбек жолын 2002 жылы бастады.
Әр жылдары қаржы полициясында тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқарған. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, Қаржы министрлігінде, экономикалық тергеу органдарында басшылық қызметтерді атқарған.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Агенттік төрағасының бұйрығымен Талғат Таңатаров Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Талғат Тұрғауытұлы 1966 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген.
Новосібір жоғары әскери-саяси құрама қарулар училищесін, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.
Еңбек жолын 1989 жылы Қарулы Күштер қатарында бастады. Әр жылдары ҚР Ішкі әскерлерінің тергеушісі, әскери прокурорының көмекшісі, Қарағанды гарнизонының әскери прокуроры және Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Қаржы министрлігінде, экономикалық тергеу органдарында басшылық қызметтерді атқарған.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Агенттік Төрағасының бұйрығымен Ерік Есенов Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Е.Есенов 1983 жылы 26 сәуірде Көкшетау облысында дүниеге келген.
Қаржы полициясы академиясын бітірген, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.
Еңбек жолын 2004 жылы бастады. Осы жылдар ішінде ол қаржы полициясында тергеуші, департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары, БҚО бойынша Экономикалық тергеу Департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.