Ұлытау – ұлт ұясы. Хан ордасының дамуы

Ұлытау, BAQ.KZ тілшісі. Ұлытау Қарағанды облысы құрамына кіретін территориясы ауқымды аудан. Оның құрамында 15 ауылдық округ бар. Ауданының орталығы Ұлытау ауылы. Ауданның жалпы халық саны шамамен 12 мың адам. Оның 2600-і аудан орталығының халқын құрайды. 

10-11 қазанда Ұлытау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданға баспасөз-туры өтті. Елордалық бірнеше журналист ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, тарихи жерлерін аралады. 

Ұлытау орталығына келген БАҚ өкілдерін ауданның Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Дауытбаев күтіп алып, аудан жайында толық мәліметпен таныстырды. 

Ауданға кіреберіс жерде Ерден батырдың ескерткіші орнатылған. 


Ерден Сандыбайұлы - ел қорғаған батыр, аға сұлтан, дуанбасы болған тұлға. Ұлытау өңіріне тән «Төрт босаға» билер кеңесінің бір босағасы – осы Ерден батыр. Бұл ескерткіш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған. Ол 3-4 жыл бұрын кәсіпкерлердің көмегімен орнатылған.


Сондай-ақ, ауданға кірер жолда үлкен қақпаның жұмысы жүргізіліп жатыр.


Ержан Дауытбаевтың айтуынша, Ұлытау ауданының бір жақ бөлігі Ақтөбемен, бір жағы Қостанаймен шектеседі. Ең жақын ауыл 35 шақырым жерде орналасқан.

Ұлытау ауданы қарамағында 15 ауылдық округ бар. Ауылдар бір-бірінен өте алшақта орналасқан. Бірі 80 шақырым болса, енді бірі 90 км, тағы бір ауыл 250 шақырым жерде.


Жергілікті тұрғындардың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы.

Көктем шықса, ауылдан қонақ арылмайды, - дейді Ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Ержан Дауытбаевтың айтуынша, ауданның негізгі бағыты – туризм саласын дамыту.
Бұл аймақта киіктер мекендейді. Олар табиғатты қорғау полицейлерінің ерекше бақылауында. Киіктерді шекаралас аймақтың қорықшылары мен жергілікті табиғатты қорғау полициясы қорғайды. Қызылорда жақын болғандықтан Қызылорда мен Арқалықтың аңшылары көптеп келеді. Олар арнайы дайындалып, көліктермен келеді. Өткен жылы браконьерлер қолынан жерлесіміз құрбан болды. Оның есімі – Қаныш Нұртазинов. Қолкөл ауылының азаматы. Ауданнан батырдың атына көше берілді, - деп атап өтті ол.


Ауданға халықтың көп келе бермейтінінің басты себебі – инфрақұрылымның дамымағандығы. 


Айта кетсек, ауылдар бір-бірінен әлдеқайда алшақта орналасқан. Мысалы, Сарысу ауылы Қарағанды трассасында, Мибұлақ ауылы Қызылорда трассасында, Терісақан ауылы Арқалықтан 70 шақырым ғана жерде жатыр. 90 шақырым жерде Алғабас, Шеңбер ауылдары бар.


Аудан бойынша зерттеліп, құжаттар дайындалған 600 тарихи ескерткіш бар. Мұндай ескерткіштер өте көп.


Одан бөлек, Байқоңыр ауылдық округінде «Қалмақ қырылған» деген жер бар. Кезінде «Бұланты шайқасы» болған Бұланты, Бүлеуті өзендері де осы өңірде.

Ұлытаудың ең биік нүктесі Ақмешіт деп аталады. Оны қазір жергілікті халық Әулиетау деп атап кеткен. Одан кейінгісі Едіге тау. Ол таудың үстінде тарихта Едіге жатыр деп айтылады. 

Аудан орталығында қонақ үйлер салынып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасымен Сапар орталығы ашылды. Бұл оның ішінде қонақ үйі, бизнес орталығы, асханасы мен түрлі дүкендері бар үлкен кешен. Сонымен қатар, аудан бойынша тарихи жерлерге сапар ұйымдастыратын тур агенттіктер жұмыс істейді. Орталықта 20-ға жуық адам жұмыс істейді, - дейді Ержан Дауытбаев.

Жоспар бойынша бір жылдың ішінде 20-25 мың турист келеді деп есептелуде. Дегенмен, үнемі есеп жүргізіліп отырмағандықтан, бұдан бірнеше есе көп болуы да мүмкін. Ал статистика бойынша өткен жылы «Жез киік» фестивалінің өзіне 35 мыңнан аса турист келген.

Ауданда «Саумал» орталығы өз жұмысын бастап кеткен. Ол орталық бір мезетте 12 адамды қабылдай алады. Сонымен қатар, «Саумал» орталығынан бөлек, ауданда 3 қабатты 40 нөмірлік қонақ үй құрылысы басталды. Ал келесі жылы орталықта киіз үйлерден этноауыл құру жоспарланып отыр.

Жергілікті халық негізінен мал өсірумен айналысса, көбісі бюджеттік салада жұмыс істейді, кейбірі кәсіпкерлікпен айналысады.

Жергілікті тұрғындар егін шаруашылығымен де айналысады. Олар бидай, арпа егеді.

Сонымен қатар, тарихи ескерткіштер тас, су әсерінен эрозияға ұшырай беретіндіктен, реставрациялық жұмыстар жүргізіліп тұрады.


Ұлытау ауданында 12 мыңнан аса халық бар. Ауданның көлемі 13 мың шаршы метрді алып жатыр.


Қазіргі таңда бұрынғымен салыстырғанда қалаға жаппай көшу айтарлықтай азайған. Ауданда 2600 халық болса, ол бірнеше жылдан бері еш өзгеріссіз тұр. Яғни, миграция жоқ. Керісінше, ауыл халқы көбейіп жатыр.


Аудан орталығында бір мектеп болса, қалған барлық ауылдық округте де мектеп бар. Ұлытау орталығындағы мектепте 460-қа жуық бала оқиды.

2021 жылы 90 орындық жаңа балабақша салу жоспарланып отыр. Ауданда балабақша бар, дегенмен қазір бала саны артқандықтан, мекеме тарлық етуде, - деді ұлытаулық Ержан Дауытбаев баспасөз туры барысында.

Оның сөзінше, ауданда жолдардың 90%-ға жуығы жаңартылған.

Аймақта жылына 4 мезгіл халықаралық, аудандық деңгейдегі фестивальдер өткізіп тұрады. Қыста «Мұзбел», Көктемде «Көк майса», Жазда «Жез киік» және Күзде «Сабан той» фестивальдері өтеді.


Бұл қайыңдар «биші қайыңдар» деп аталып кеткен. Оның себебі батыстан және шығыстан соққан жел мен жауған қалың қардың әсерінен қисайып, биші қайыңға айналған.


Орталықта қызы-жазы тоқтаусыз ағатын бұлақ бар. Ол жерден сағатына 2,5 тонна су ағады.


Ауданда тұрғындарға арналып скверлер ашылған. Одан бөлек, Кетбұғаның ескерткіші орнатылған. Қасындағы екі сарбазының ескерткіші биыл қойылған.


Бейбіт заманның батыры Қаныш Нұртазиновтің атына тақтайша орнатылып, орталықтан бір апта бұрын көшеге аты берілді.


Шара соңында Ұлытау ауданы әкімімен кездесу өтті.


Президенттің «Ұлытау этнографиялық туристік орталық болсын» деген тапсырмасы бар. Осы ретте түрлі нысандардың құрылыстары жүріп жатыр. Халық келеді. Дегенмен инфраструктура жоқ. Демалатын, тоқтайтын. 3 қабатты қонақ үйдің құрылысын бастап жатырмыз. Бірнеше демалыс үйі, этноауыл, атпен серуендеу орталығы ашылады. Биыл «Саумал» орталығын аштық. Бірақ қазір қымыз дайындау, бие сауу дәстүрі жоқ. Сұраныс көбейген сайын, оның да жұмысы қарқынды бола түседі. Дегенмен 12 орындық орталық ашылды. Визит центрде 15 орын бар. Жақын арада су жүйесі қосылған соң ол да жұмысын бастайды. Осылайша, туристік инфраструктураны дамытып, кем дегенде бір күнде 300 адамды қабылдауға қауқарымыз жететін болады. Биыл негізгі акцентті жолдарды абаттандыруға бердік, - дейді Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы