Ұлытау тұрғындары сапалы медициналық көмекке зәру – депутат
Депутат Аманжол Әлтай Премьер-министр Олжас Бектеновке Ұлытау облысындағы медициналық инфрақұрылымның жай-күйін айтып, қызметтердің сапасы туралы сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, тұрғындар аудандық, облыстық ауруханалардан сапалы медициналық көмек ала алмай Қарағанды мен Астанағаға барады.
2025 жылғы 4 маусымдағы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабы бойынша, Жезқазған қаласындағы облыстық ауруханада, онкология бөлімі – небәрі 30 орын, перинаталдық орталық – 106 орынға ғана есептелген. Дәрігер мамандар тапшылығы да ұлғайып барады. Перинаталдық орталықта бар болғаны 2 анестезиолог-реаниматолог, 6 акушер - гениколог, онкология бөлімінде бар-жоғы 3 дәрігер мен 7 орта медицина қызметкері ғана жұмыс істейді,-дейді ол.
Ұлытау облысында жаңа, заманауи талаптарға сай онкологиялық және перинаталдық бағыттарда мамандандырылған көпсалалы аурухана кешенін салу қажеттілігі туындап отыр.
Жақында Жаңаарқа ауданында қордаланған кемшіліктердің салдарынан қарапайым аппендэктомия алдында анестезиядан кейін төрт баланың анасы көз жұмды. Себебі – қажетті құрал - жабдықтардың, дәрі-дәрмектің жоқтығы, аллергиялық сынаманың жүргізілмеуі,жауапты маманның біліксіздігі мен салғырттығы. Бұл – өңірдегі медицинаның қордаланған дағдарысын көрсетеді. Сайлаушылармен кездесулер барысында,әлеуметтік желілерде де тұрғындар істемейтін КТ аппараты, медициналық құрал - жабдықтардың, дәрігерлердің жетіспеушілігі, дөрекі қарым-қатынас, тазалықтың төмендігі, дәрі-дәрмек тапшылығы, кейбір зейнет жасындағы біліксіз мамандардың білікті жас мамандарға орын босатпай отырғандығы туралы ашық айтуда,-деді ол.
Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі жедел жәрдем көліктерінің жоқтығы мен ескіргендігінен де халық сапалы көмекке қол жеткізе алмай отыр.
Бөлінген жаңа жедел жәрдем көліктерін әуелі қала мен аудан орталықтары алады да ауылдарға өздерінен қалған жүруге жарамсыз ескі көліктерін береді. Нәтижесінде науқастарды аудандық ауруханаға жеткізе алмай әркімге бір жалынып жүрген дәрменсіз ауыл дәргерлерін көресіз,-деді депутат.
Осыған байланысты депутат біршама ұсыныстарды айтты.
- Ұлытау облысында заманауи көпсалалы клиникалық орталық (онкология, перинаталдық және жедел жәрдем бағыттарымен) салу, құрылысты 2026 жылға дейін бастау.
- Облыстық және аудандық ауруханаларды толық аудиттен өткізіп, қайта жаңғырту.
- Ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына арналған «дағдарыс кадрлық квотасы» бағдарламасын енгізу – еңбек шартымен бірге әлеуметтік пакет (қызметтік тұрғын үй, көтерме жәрдемақы, қосымша жалақы) арқылы анестезиолог, хирург, акушер, неонатолог сынды тар бейінді мамандарды тарту.
- Әрбір ауруханада «пациентке бағытталған» басқару моделін қалыптастыру және қоғамдық бақылау орнату.
- Ауыл дәргерлерін жаңа жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз ету.