Ұлытау құтқарушыларына жаңа техниканың кілттері табысталды
Ұлытау облысы орталығында Төтенше жағдайлар департаментіне арнайы техникалардың кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салатанатты іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров, сала ардагері, облыстың құрметті азаматтары қатысты.
Облыс әкімі солтүстігінде су тасқыны кезеңінде көмек қолын созған құтқарушыларға алғысын білдіріп, алдағы мерекемен құттықтап, Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 13 автокөлік техникасының кілтін табыстады.
Құтқарушылар төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі міндеттерді абыроймен орындауда. Бұл ретте мемлекет тарапынан оларды материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа техника сіздердің қызметтік міндеттеріңізді сапалы орындауға ықпал ететініне сенімдімін. Сіздер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келесіздер, - деп Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы атап өтті.
Сондай-ақ, ТЖД бөлімшелерін тұрақты материалдық-техникалық нығайтуға уәде берді.
Іс-шараның барысында адамдарды биіктіктен құтқаруға арналған «өмір кубы» секіру құтқару құрылғысы, орманды дала өрттерін сөндіруге арналған рюкзактық бүріккіштер көрсетілді. Сонымен қатар құтқару құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.