Ұлытау облысының үш жылдық бюджеті қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ұлытау облыстық мәслихатының V сессиясы өтіп, онда облыстың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті қабылданды. 

Мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов төрағалық еткен сессияға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. 

Сессия күн тәртібінде Ұлытау облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін бекіту, ҚР Үкіметіне Ұлытау облысының шекараларын бекіту туралы ұсыныс енгізу және облыс әкімінің халықпен кездесуінің икемді күнтізбесін бекіту сынды негізгі үш мәселе қаралды. 

Алғашқы мәселе бойынша Ұлытау облысы қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виктория Ставицкая баяндама жасады. 

Басқарма басшысының хабарлағанындай, облыстың бюджеті Қарағанды облысының бюджетінен және аудан (қала) бюджеттері трансферттерінен қалыптасып отыр. Қарағанды облысының 610 млрд 161,3 млн теңгені құрайтын бюджетін бөлу кезінде Ұлытау облысы бюджеті түсімдерінің үлесі 17 пайызды немесе 103 млрд 586 млн теңгені, шығыстардың үлесі 15,6 пайызға немесе 95 млрд 320,3 млн теңгені құрады. «Қазақмыс» компаниялар Тобының 9 кәсіпорнының облыс аумағына қайта тіркелуіне байланысты 8 млрд 256,6 млн теңге профицит қалыптасқан.

2022 жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігі қосымша түсімдермен бірге 29 млрд 847 млн 942 мың теңгені құрады. Аудан, қалалардан түсетін трансферттер 13 млрд 813 млн 038 мың теңгені құрады. Осы жылғы бюджеттің барлық түсімдері 43, 6 млрд теңгеге тең, – делінген хабарламада. 

Осы жылғы облыс бюджетінің шығыс бөлігі 30, 8 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. 

Шығыстардың негізгі үлесі әлеуметтік салаға (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету) жұмсалады, - деді қаржы басқармасының басшысы. 

Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы бюджетті қалыптастыру жұмысы әлі жалғасатынын, еді республикалық бюджеттен түсетін трансферттер мен субвенцияларды анықтау мәселесі қаралатынын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы