Ұлытау облысының әкімі алғашқы бюджет қаржысын қайда жұмсайтындарын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы Ұлытауды өз бюджетінен шығарғанын және бюджеттің алғашқы қаржысы келіп түсе бастағанын мәлімдеді.
Ұлытау облысының бюджетін құру бойынша бір айдай жұмыс жүргізілген. Әрбір сала, мекеме бойынша бұрынғы Қарағанды облысы деңгейінде қабылданған бюджетті толықтай Ұлытау облысына бөлу атқарылған.
Өткен жұма күні Қарағанды облысы Ұлытауды өз бюджетінен шығарды. Ал, біз кеше алғашқы бюджетті қабылдадық. Бұрынғы бюджеттен қатты өзгеріс бар деп айта алмаймын, дегенмен біздің ерекшелігіміз «Қазақмыс» коропорациясының 9 мекемесі Жезқазған қаласына келіп тіркелді. Олар өздерімен бірге қаражатын да ала келді. Бұл қаражаттарды облыстағы өзекті мәселелерге бөліп отырмыз,-деді өңір басшысы.
Әкім ең бастысы жүріп жатқан жөндеу жұмыстары мен құрылысты тоқтатпау қажеттігін айтып өтті.
Бүгінде Сәтбаев қаласындағы аурухана мен Ұлытау ауданындағы Жездідегі аурухананың жөндеу жұмыстары Қарағанды облысының бюджетінде көзделмеген. Олар жариялаған, жұмысты бастаған, бірақ қаражаты көзделмеген. Біз ол жұмысты тоқтатпау үшін келген қаражатты соған бөліп отырмыз. Сонымен қатар Ұлытау ауданында Жездідегі спорт кешенінің қаражаты Қарағанды облысының бюджетінде көзделмеген. Ол 2020 жылдан бері тоқтап қалған бюджет, оған да сол қаражатты бөліп отырмыз,-деді Б. Әбдіғалиұлы.
Ұлытау ауданында соғылған үйлерді мұқтаж отбасыларға беру, сатып алу туралы мәселе 2020 жылы тоқтап қалған. Бұл жұмыстар да жалғасын табатын болды.
Әкім сонымен қатар Сәтбаев қаласындағы 320 орынды балабақшаның құрылысын аяқтауға 319 млн теңге қажет екенін жеткізді. Оған да қаражат бөлінген, енді балабақшаны салу жұмысы аяқталады. Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының да жұмысы тоқтап қалған. Мердігер соттасып, қайтадан есептеуді талап етіп отыр екен. Оған сметалық құжаттар қайта дайындалып жатыр.
Әкім сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев пен Жезқазған қаласына бір балабақшадан салып береміз деген келісімі барын айтып өтті.
Жезқазған қаласында 2012 жылдан бері тоқтап тұрған балабақша құрылысын «Қазақмыс» корпорациясымен бірігіп бітірсек деген жоспар қойып отырмыз. Қазір Қазақмыс басшылығы барлық ұсыныстарымызды қарастырып жатыр, яғни бөлек меморандум қабылдаймыз. Сонда осы екі қалада екі балабақшадан беріледі, яғни 1200 баланы қамтимыз,-деді әкім.
Айта кетсек, бүгін жаңа облыстың құрылғанына 43 күн толып отыр.