Ұлытау облысындағы түзету мекемесінде ашық есік күні өтті
Жезқазған қаласындағы №62 түзету мекемесінде сотталушылардың туған-туыстары «Ашық есік» күніне қатысып, жазасын өтеушілердің жағдайларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №62 мекемеде өткен «Ашық есік» күніне сотталғандардың 20-дан астам туыстары қатысты. Олар туғандарының қандай жағдайда жазасын өтеп жатқандығымен жақынырақ танысып, асханадағы астан дәм татып көрді.
Көргеніміз бізді таң қалдырды. Айналаның бәрі өте таза және ұқыпты, тіпті аулада жақсы бапталған, әдемі гүлзарлар болды. Бас бостандығынан айыру мекемесінде отырғаныңа сене алмайсың да. Сондай-ақ, әке, бауыр, ұлдарымыз тамақтанатын астан дәм таттық. Осынша дәмді болады деп ойламадым. Жарайсындар, қолдарынан келгенше барынша тырысуда, - деп өз әсерлерімен бөлісті сотталғаннын туыстары.
Мекеме басшылығы ашық есік күніне келушілерге мекеменің тұрғын бөлігін, клуб, стадион, асхананы аралатып көрсетті.
Шара барысында жазаланушылардың туған-туыстарын барынша қауіпсіздікпен қамтамасыз еттік. Мұндай іс-шара сотталғандардың туысқандарымен мекеме әкімшілігі арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға, әлеуметтік игі байланысты қалыптастыруға және пенитенциарлық үдерісте «ашықтық» тұжырымдамасын енгізуге мүмкіндік береді. «Ашық есік» күнінде сотталушылар мен олардың туыстарының арасындағы қаншама жағымды сезімді көрдік, сезіндік. Туыстық байланысты сақтау қажет, бұл сотталғандардың түзелуіне айтарлықтай әсер етеді, - дейді №62 мекеме басшының міндетін атқарушысы Назыл Базылұлы.