Ұлытау облысында жоғары лауазымды шенеуніктер пара алғаны үшін сотталды
Жезқазған қалалық соты бұрынғы Ұлытау облысы экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков пен оның орынбасарына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, департамент басшысы мен оның орынбасары 2024 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында жалпы сомасы 5 250 000 теңге болатын екі пара алған. Сонымен қатар, Дастан Тілеубеков 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың қаңтарына дейін жеке өзі тағы 2 500 000 теңге пара алған.
Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл паралар пара берушілердің мүддесіне заңсыз әрекеттер жасау үшін алынған.
"Р" ЖШС директоры Т.А. қоршаған орта сапасының көрсеткіштері жобаларын келістіру үшін департамент басшысы мен оның орынбасарына 1 750 000 теңге пара берді. "Э" ЖШС директоры А.С. Сәтбаев қаласында шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтығын келісу үшін 3 500 000 теңге пара берді. Үшінші эпизод бойынша, қылмыстық қудалау тоқтатылған, ол Т.Д.-ға экологиялық рұқсат беру үшін 2 500 000 теңге пара берген, – деп түсіндірді облыстық сотта.
Бұл іс бойынша жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Барлық сотталушылар кінәсін толық мойындады. Олардың кінәсі жиналған дәлелдермен де расталды.
Үкім шығару кезінде сот барлық сотталушылардың кінәні толық мойындағанын және шын жүректен өкінгенін, үшеуінің кәмелетке толмаған балалары барын, сондай-ақ департамент басшысы мен оның орынбасарының кәсіби антын бұзғанын ескерді.
Сотталушылар жазаны жеңілдетуді сұрады, ал компания директорлары айыппұл төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Жезқазған қалалық соты төрт сотталушыны кінәлі деп танып, үкім шығарды:
- Департаменттің бұрынғы басшысы мен оның орынбасары – 6 жыл бас бостандығынан айыру (ҚР ҚК 366-бабының 2 және 4-тармақтары бойынша).
- Екі кәсіпкер – пара сомасының 20 есе мөлшерінде айыппұл төлеу (ҚР ҚК 367-бабының 2-бөлігі бойынша):
- Т.А. – 35 млн теңге айыппұл,
- А.С. – 70 млн теңге айыппұл.
Сонымен қатар, барлық сотталғандарға мемлекеттік қызметте, судья ретінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.