Ұлытау облысында жел электр станциясы салынады
Сондай-ақ мұнда жел қондырғысын орнататын мұнара құрастыру зауытының құрылысы басталмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлытау облысының әкімдігі қытайлық «Синохайдро» және қазақстандық «ТехноГруппСервис» компанияларымен меморандумға қол қойды. Энергетикалық қондырғыларға шетелдік инвестор жауапты. Ал «ТехноГруппСервис» компаниясы жобалау, құрылыс және жасыл энергетика нысандарына қызмет көрсетпекші. Қазақ-қытай компаниялары бірлескен инвестжоба жылына 100 мұнара шығарады деп болжанып отыр.
Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, жел электр станциясының салынуы өңірдің энергетикалық қажеттілігін толықтай шешіп, оны республика көлемінде тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл – бір жағынан болашақта көмірден алынатын энергиядан бас тартудың тиімді жолы.
Жалпы инвестиция 489 млрд теңге қаражатты құрайды. Енді 3,4 млрд кВт энергия шығаратын мүмкіндік болады. Бұл өңірдің толықтай энергетикалық қажеттілігін шешіп, арзан шығаруға және бүкіл республикаға тасымалдауға жол ашылады, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанның электр энергиясын өндіргенде жаңартылатын энергия көзінің үлесі 5,8 пайызды құрайды. 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көзінің үлесі кем дегенде 16 пайызға дейін жетеді деп болжанып отыр.
Мұнара құрастыру зауытының құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік қаладан ауданы 20 гектарды құрайтын жер телімін бөлді.
Негізгі мақсат баламалы көздерден энергия алу ғана емес, Ұлытау өңірінде қоршаған ортаның жайын жақсарту болып отыр. Сонымен қатар, осы жобаға 30 миллион долларға дейін инвестиция тартылып, 230 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде метал өңдеу және дәнекерлеуші сияқты мамандарға сұраныс жоғары болмақ. Бұдан бөлек, Жезқазған қаласының техникалық колледжінде қажетті мамандарды дайындау үшін жаңа факультет ашу да көзделіп отыр.