3 Тамыз 2026, 06:32 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ұлытау облысында тұрғын үйден өрт шығып, үш адам эвакуацияланды

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖД қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, өрт ошағынан газ баллонын алып шықты.

Ұлытау облысының Жаңаарқа кентінде көпқабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары үш адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады.

ТЖМ мәліметінше, өрт Ералиев көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерден шыққан. Жалын шамамен 20 шаршы метр аумақты шарпыған.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖД қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, өрт ошағынан газ баллонын алып шықты. Бұл жалынның күшеюі мен жарылыс қаупінің алдын алуға мүмкіндік берді.

Өрт қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу құтқару қызметіне хабарласуға шақырды.