Ұлытау облысында су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтіп жатыр

Ұлытау облысы аумағында су тасқыны кезеңі біршама күрделенгенімен, штаттық режимде өтуде. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.

Облыста күн райының күрт жылынуы, қардың жылдам еруі салдарынан гидрологиялық ахуал 25 наурыздан күрделене бастаған. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда. 

Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, қауіптің алдын алуда.

Дер кезінде қолға алынған алдын алу шараларының арқасында облыстың Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы 66 тұрғын үй мен 9 қыстақты су басу қаупі сейілді. Құтқару, алдын алу шаралары барысында барлығы 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды. Қауіпсіз орынға 349 бас ірі қара, 858 бас ұсақ мал және 17 бас жылқы малы айдалды.

Облыс аумағында құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде облыстық, аудандық маңызы бар 3 автокөлік жолының кейбір учаскелерін су шаю оқиғасы тіркелді. Қазір аталған жол учаскелері қалпына келтірілуде. Жалпы, өңірде республикалық, облыстық маңызы бар негізгі жолдарда қатынас үзілген жоқ, электр, жылу желілері, басқа да тіршілік қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, - дейді облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов.

Әкімдіктер мен төтенше жағдайлар қызметінің су бөгеу жұмыстарына өңірдегі кәсіпорындар мен бизнес нысандары, еріктілер де қол ұшын созуда.

Облыс орталығындағы Кеңгір су қоймасы 29 наурызда қар суының есебінен жобалық қуатына толды. Артық су арнайы шлюз (шандор) арқылы Кеңгір өзеніне ағызылуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы