Ұлытау облысында оқып, канадалық университеттің дипломын ал
Қазіргі таңда канадалық жоғары оқу орындарымен серіктестік арқылы қос диплом беру шартымен университет ашу жоспары қолға алынды. Бұл жайында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкім Ұлытау облысында мемлекеттік жоғары оқу орындары жоқ екенін тек жекеменшік оқу орындары бар екенін айтады.
Осыған байланысты қазір канадалық жоғары оқу орындарымен серіктестік арқылы қос диплом беру шартымен университет ашу жоспары қолға алынды. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігімен келіссөз жүріп жатыр. Күзде ресми тіркелуі керек. Ендігі жылы студенттерді қабылдау бағытында жұмыс атқарамыз, - деді Әбдіғалиұлы.
Сонымен қатар Әбіғалиұлының сөзінше, облыс еліміздің орталығында тұрса да, транспорт тұйықтығына тап келіп отыр.
Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолдың проблемасы талайдан бері елдің көкейінде жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасы да бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, шілде айында қайта конкурс жарияланады. Сөйтіп күзде дайындық жұмыстарын бастап кету жоспарланған. Негізгі жұмыс ендігі жылы басталуы керек. Ұлытау – Арқалық бағыты бойынша биыл 20 шақырымында жөндеу басталды. Ал Жезқазған-Қарағанды бағыты бойынша бізге тиесілі 30 шақырымда жөндеу жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар 7,5 млрд теңгеге 48 республикалық және 35 облыстық маңыздағы жолды жөндеу көзделген. Бұдан бөлек, 137 шақырым болатын қалаішілік және кенішілік жолдарды реттеу жоспарда тұр, - деді ол.