Ұлытау облысында кәсіпорын директоры пара беру үстінде ұсталды
Ұлытау облысының ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері пара беру дерегінің жолын кесті.
Ұлытау облысында кәсіпорындардың бірінің директоры пара беруге күдікті ретінде ұсталды.
Ер адам алаяқтық фактісі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша оң шешім қабылдату мақсатында тергеушіге ақшалай сыйақы ұсынған.
Тергеу бөлімінің қызметкері күдіктінің заңсыз әрекеттері туралы Өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған.
Жедел іс-шаралар барысында күдікті ақшаны беру кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Ақша қаражаты тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады Ұлытау облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті пара беру заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Жаза айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі шараларды қамтиды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда мұғалімдерден пара алған экс-директор қамауға алынды.