Ұлытау облысында халық саны азайып келеді

Облыста бір жыл ішінде халық саны 3 мың адамға кеміген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбековтың айтуынша, өңірден көшуге әсер етіп отырған факторлардың бірі - ұзақ уақыт бойы жаңартуды қажет еткен әлеуметтік инфрақұрылымның ескіруі. Соған қарамастан, өңірде туу көрсеткіші өлім-жітімнен жоғары.

Әкім халық санының төмендеуін туу деңгейінің азаюымен емес, көбіне ірі қалаларға қоныс аударумен байланыстырды.

Бізде туу көрсеткіші өлім-жітімнен жоғары. Алайда минус 3 мың адамдық теріс көші-қон жалпы демографиялық жағдайға әсер етуде, – деді Рысбеков.

Оның айтуынша, бұл құбылыс еліміздің көптеген шағын аймақтарына тән. Жастар жаңа мамандықтар мен сапалы білім алу үшін Астана мен Алматы сияқты қалаларға көшуді таңдауда.

Көпшілігі IT, гуманитарлық және инженерлік салаларды меңгергісі келеді. Бұл - қалыпты жағдай, - деді әкім.

Рысбековтың сөзінше, 25 жыл бойы тозған жүйені бір жылда қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ соңғы 2-3 жылда біз көптеген әлеуметтік, спорттық және білім беру нысандарын салып, жөнделген. 

Әкімнің айтуынша, өңірге еңбек күші көп аймақтардан халық тарту бағдарламалары іске асуда, сондай-ақ жастардың оқуын аяқтағаннан кейін елге оралуына жағдай жасалуда.

Өзім де бір кездері сыртқа кетіп, тәжірибе жинап, кейін қайта оралдым. Көптеген студенттеріміз де туған өңіріне оралады деп сенемін, – деді Рысбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы