Ұлытау облысында білім беру басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды
Жезқазған қалалық соты Ұлытау облысының білім беру басқармасының бұрынғы басшысына қатысты аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу мәліметінше, басқарма басшысы өзінің орынбасары және бас бухгалтерімен бірге 2022–2023 жылдары жалған жұмысқа орналастыру, заңсыз сыйақы мен төлемдер, сонымен қатар жалған іссапар және тұрғын үй шығындарын ұйымдастырған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 93,2 млн теңгені құрады.
Сотта басқарма басшысының екі адамды жалған түрде жұмысқа қабылдап, оларға тұрақты жалақы тағайындағаны анықталды.
Бұдан бөлек, ол басқа айыпталушылармен бірге бюджет қаражатын өзіне және қызметкерлеріне сыйақы ретінде аударған. Оның ішінде іс жүзінде басқармада жұмыс істемегендер де бар.
Білім беру басқармасының басшысы және оның орынбасары кінәлі деп танылды. Сот олардың әрқайсысын мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Айыпталушылар сот залында қамауға алынды. Бас бухгалтер де кінәлі деп танылды, алайда оның қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмады, - деп жазылған Жезқазған сотының хабарламасында.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.