Ұлытау облысында 132 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр
Жалпы облыс бойынша 132 референдум учаскесі, оның ішінде азаматтардың 4 уақытша келу учаскелері жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
870 аумақтық және учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқаруда.
Облыс қалаларындағы 21 учаскеде сайлаушылар тізімінде азаматтарды тексеру бойынша онлайн-сервистер және 6 учаскеде азаматтарды тіркеу бойынша сервистер орнатылды.
Ерекше қажеттілікті талап ететін 336 адам үшін дауыс беру жағдайларын қамтамасыз ету бойынша референдум заңнамасы шеңберінде жағдайлар жасалды. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 157, зағип және нашар көретіндері -108, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар – 71 адам. Барлық учаске пандустармен және тұтқалармен, тиісті бұрыштармен және дауыс беру үшін қажетті құралдармен жабдықталған.
Мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдар үшін учаскелерде еріктілердің көмегі көзделетін болады. Референдум күні облыстың қалаларында 6 инватакси қызмет көрсетеді.
№210 сайлау учаскесінде Жезқазған қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев дауыс берді. Ол сайлаушылардың жоғары қатысуын атап өтті.
Мен сайлау учаскесінде көптеген жерлестерді көргеніме қуаныштымын. Бұл біздің азаматтарымыздың саяси сауаттылығы мен жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Әркім өзінің таңдау құқығы бар екенін және өз елінің болашағы үшін дауыс бере алатынын түсінді, - деді ол.