Ұлытау облысына жол жөндеуге бөлінген 90 млрд теңге жетпей қалған
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкім биыл Қызылорда-Жезқазған жолын жөндеуге бөлінген 90 млрд теңге жобаны толық аяқтауға жетпей қалғанын айтты.
Әсіресе, Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол. Қызылорда жағы жолды аяқтап жатыр. Бірақ биыл Жезқазған бөлігінда бағаның көтірілуіне байланысты жұмыс тоқтатылды. Себебі, 90 млрд теңге жетпейтін қалды. Қазір Үкімет Азия даму банкімен бірігіп, жобаны 145 млрд теңгеге көбейтті. Ендігі жылға соның 50 млрд теңгесі бөлініп, конкурс өтіп жатыр, - деді Берік Әбдіғалиұлы
Оның сөзінше, Азия даму банкі конкурсты желтоқсанда аяқтауы керек.
2024 жылы 8 учаскеде жол жөндеу жұмыстары басталады. Биыл Қарағанды-Жезқазған жолын жөндеу бойынша конкурс ұйымдастырылыпты. Оған 2024 жылға 20 млрд теңге бөлінеді екен.
Арқалық пен Ұлытаудың арасы 200 шақырым жол жоқ. Биыл соның 13 шақырымы «ҚазАвтоЖол» компаниясының қолдауымен жөнделді. 2024 жылы тағы 37 шақырым жолды, жалпы 40 шақырым жолға асфальт төсейміз. Онда мүлдем асфальт жоқ. Бұл ертең Арқалық пен Жезқазған қалаларының дамуына септігін тигізеді, - деді Берік Әбдіғалиұлы.