Ұлытау облысы мен Астананың құтқарушылары СҚО-ға барды
Бұл туралы ТЖМ Телеграм каналы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлытау облысының құтқарушылары Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы жұмыстарын жүргізуде.
Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен СҚО ТЖД және жергілікті тұрғындармен бірлесіп, Покровка ауылында 4750 дана қапшық, 150 тонна инертті материал төседі.
Қазіргі уақытта 13,5 мың текше метр су сорылды.
Екі күнде 122 адам, оның ішінде 2 бала эвакуацияланды. 112 үй жануары қауіпсіз жерге айдалды.
Елордалық құтқарушылар да су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізу үшін Солтүстік Қазақстан облысына келді.
Елордалық құтқарушылардың 15 адамы және 3 бірлік техникасы, 2 мотопомпамен Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Қазіргі кезде құтқарушылар облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Бескөл ауданында су тасқынына қарсы алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың мүлкі мен жануарларын эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде.