Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол биыл толығымен аяқталады
Үкімет облыстарды байланыстыратын ірі жол жобаларының мерзімі мен құнын жариялады.
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа Қызылорда-Жезқазған автожолының Жезқазған бағытындағы бөлігінің құрылысы қашан аяқталатыны, жолдың пайдалануға берілетін мерзімі туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жолдың Қызылорда бағытындағы бөлігі өткен жылы пайдалануға берілген. Ал Жезқазған бағытындағы құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатқандықтан, халық нысанның қашан толық аяқталатынын күтіп отыр.
Шынында да, өткен жылдың соңында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216 шақырымының құрылысы аяқталды. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтап, оны халық игілігіне беретін боламыз. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған» автожолы – аса маңызды жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы 575 шақырым, құны 524 млрд теңгені құрайды. Оның құрылысын да осы айдың соңына дейін бастаймыз және алдағы 2 жыл ішінде сапалы түрде аяқтаймыз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жалпы еліміз бойынша биыл 11 мың шақырымнан астам жол күрделі, орташа жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылған.
Сондай-ақ, жұмыстар жаңа көпірлер салу мен абаттандыруды қоса алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да жүргізіліп жатыр.
Алдағы жобалардың қатарында ұзындығы 765 шақырым, құны 725 млрд теңге болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы бар. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту шеңберінде «Ақтөбе-Қызылорда» учаскесі екінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылатын болады. Ол бойынша жұмыстарды биыл бастау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, Жаңаөзеннен Түрікменстанмен шекараға дейінгі жолды жаңғырту және жол инфрақұрылымының басқа да маңызды объектілерін аяқталады.
Аида Шакибекова