Ұлының еміне елден қыруар ақша жинаған блогер ата-ана сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қайырымдылық қаражатын заңсыз жинағаны үшін Тотақановтарға үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оларға қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактілері бойынша айып тағылды. Бұл ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қаралды.

Іс бойынша мән-жайлар

Сот анықтағандай, 2020-2024 жылдар аралығында ерлі-қайыпты Тотақановтар 2019 жылы туған ұлын емдеуге қаражат жинау мақсатында жүйелі түрде ақша жинаған. Бала туғаннан кейін ауыр аурулармен ауырған, оған бірнеше күрделі диагноз қойылған. Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама қолданылған.

Нәтижесінде Тотақановтардың есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған.

Алайда жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланың еміне емес, жұбайлардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Оған төмендегілер кіреді:

  1. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік:
    • екі пәтер – 47 млн теңге;
    • жер учаскелері – 8 млн теңге;
    • «LEXUS RX 300» – 28 млн теңге;
    • «Hyundai Santa Fe» – 8,2 млн теңге;
    • «Toyota Camry 75» – 15 млн теңге;
    • «Toyota Land Cruiser Prado 150» – құны анықталмаған.
  2. Брендтік тауарлар мен құмар ойындарға – 9,7 млн теңге.
  3. «Facebook Ads» жарнама платформасына – 481 млн теңге.
  4. Қарыз міндеттемелерін өтеуге – 349,5 млн теңге.

Баланың еміне тек 6,4 млн теңге ғана жұмсалған.

Сондай-ақ сот Тотақановтардың әрекеттерінде қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру белгілері бар екенін анықтады. Депозиттік шоттардағы қаражаттан алынған пайыздар да есепке алынған.

Прокурордың ұстанымы

Прокурор соттан Тотақановтарға келесі жазаларды тағайындауды сұрады:

  • ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – 6 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жылға қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу;
  • ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша – 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу.

Жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жылға қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу ұсынылды. Жаза орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеледі.

Тараптардың жауабы

  • Толқын Тотақанов кінәсін мойындамай, алынған қаражат баланы емдеуге және пайыздарымен бірге қарыз міндеттемелерін өтеуге жұмсалғанын айтты.
  • Дәулет Тотақановта кінәсін мойындамай, ақша жинау фактісінен хабарсыз болғанын түсіндірді.

Сот үкімі

ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – 5–10 жыл;
ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша – 3–7 жыл бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталғанның кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімі бойынша Тотақановтар:

  • 7 жылға бас бостандығынан айыру (жазаларды ішінара қосу арқылы);
  • 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыру;
  • Мүлкін тәркілеу;
  • Жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу.

Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар сотталған Т.-ға жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы