Ұлының әрекеті үшін анасы жауап берді: Жаңаөзенде сот үкімі шықты
Жаңаөзен қаласының тұрғыны ұлының мектепке жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған хабар бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 3-бөлігі ("Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша қаралып, Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.
Сот материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірім 2025 жылғы 18 наурызда "102" жедел нөміріне қоңырау шалып, Жаңаөзендегі мектептердің біріне бомба қойылғаны жөнінде көрінеу жалған ақпарат берген. Тексеру барысында бұл ақпараттың жалған екені анықталды.
Сот отырысында баланың анасы өз кінәсін мойындап, құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіскенін жеткізді. Ол орын алған оқиғаға өкініш білдіріп, баласына қатысты тәрбие шаралары қабылданғанын айтты.
Аталған баптың санкциясы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Сот жазаны тағайындау барысында жауапты тараптың кінәсін мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар тіркелген жоқ. Соттың қаулысымен баланың анасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.