«Ұлым – нар, қызым – ар»: Ұстаз қыз бала тәрбиесінің мәнін түсіндірді
Қыз баланың тәрбиесінде ең маңызды құндылықтар қандай болуы керек?
Қазақ қоғамында қыз тәрбиесі әрқашан ерекше мәнге ие. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген ұғым бекер айтылмаған. Өйткені қыз бала – болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ұлттың ұяты мен көркі. Осы орайда қыз тәрбиесінің маңызы, қазіргі жастардың ерекшелігі және ата-ананың рөлі туралы 40 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз Нағиша Есбосынмен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нағиша апай, мерекеңізбен құттықтаймын. Айтыңызшы, қазіргі қоғамда қыз баланың тәрбиесінде ең маңызды құндылықтар қандай болуы керек?
Мен дарынды қыздар білім алатын лицейде сабақ беремін. Шамамен екі жүз елуге жуық қыз баламен жұмыс істеймін. Сол оқушыларыммен жиі әңгімелесіп, өнеге болар сөздерді айтып отырамын. Әсіресе ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Сіңліге сыр» өлеңіндегі мына жолдарды қыздарыма жиі оқып беремін:
«Осал да болма ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма орынсыз сөзге таласқан.
Алдымен қызға керегі – пәктік, адалдық,
Содан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан».
Шынында да, қыз бала ойынан оңай адаспайтын, сабырлы, сақ, айналасына адал болғаны маңызды. Әр нәрсеге араласып, орынсыз өжеттік көрсетпей, өзінің нәзік болмысын сақтай білгені дұрыс. Сонымен қатар көркем мінез – қыз баланың ең үлкен сәні. Егер қазақ қызының бойында пәктік, адалдық, инабаттылық пен көркем мінез қатар болса, бұл – үлкен құндылық.
«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген ұғым бар. Сіздіңше, қыз баланың бойына қандай ұлттық қасиеттерді міндетті түрде сіңіру қажет?
Қазақ үшін қыз баланың бойында ұлттық құндылықтардың тұнып тұрғаны қай кезде де адамның жүрегіне бір жылылық сыйлайды. Әсіресе қазақ «Ұлым – нар, қызым – ар» деп тәрбиелеген халық қой. Сондықтан да қыздың басы арлы болса екен дейміз. Намыс, ұят деген қасиеттерді, «ұят болады» деген түсінікті әсіресе көбірек бойына сіңірсек дейміз. Қыз бала қымсынып тұрса, мүмкіндігінше өзін сырттай бақылап, тіпті күлгеннің өзіне мән беріп тұрса деген тілек бар. Бұрынғы қазақ қыздарының ұзын бұрымы, бұрымының ұшына таққан шолпысының сыңғырынан-ақ олардың бой түзеуге, ой түзеуге тәрбиеленгенін аңғаруға болатын. Қазір де қыз балаға әдемі жымиғанның өзі жарасады. Дауысты шығарып күлу әбестік болатынын үйретсек, сол тәрбиені кішкентайынан бастап бойына сіңірсек дейміз. Неге десеңіз, қазақ қызының бір әдемі жымиғанының өзі көп нәрсені аңғартады. Сол қасиеттерді бала кезінен бойына дарытып, пәктік пен тазалықты көбірек санасына сіңірсек, қазақ қыздарындағы ерекше ізеттілік, ибалық, инабаттылық қайта жандана түсер еді. Шіркін, бұрынғы қазақ қыздарының үлгісіндей жүріс-тұрыс, сыр-сымбат көрсек деп армандаймыз, тілейміз. Әрине, ондай қыздарымыз, оқушыларымыз жоқ емес, бірақ көп те емес.
Сіз бірнеше жыл тәжірибесі бар білікті ұстазсыз. Қыз тәрбиесіне арналған кітап та шығарған екенсіз. Айтыңызшы, қыз тәрбиесінде ата-ана қандай қателік жібермеуі керек?
Иә, менің ұстаздық тәжірибем қырық жылдан асады. Сол тәжірибемнің негізінде «Қыздармен сырласу сабағы» атты жинақ шығарған болатынбыз. Бұл кітапты көптеген ұстаздар сабақтарында пайдаланып жүр. Сонымен қатар Назарбаев университетінің профессоры Гүлтас Құрманбайдың «Бойтұмар» кітабын да жиі негізге аламыз. Онда қыздарға арналған көптеген аналық өсиеттер бар. Қыз тәрбиесінде ең үлкен рөл – ананың рөлі. Мен әрқашан бір нәрсені айтамын: ана мен қыз дос болуы керек. Қыз бала анасымен сырласып, барлық мәселесін ашық айта алуы тиіс. Қыздарға үнемі: «сенің ең жақын, ең адал сырласың – анаң. Анаң сенің құпияңды сақтайтын алтын сандық» деп айтып отырамын.Қазіргі заманда өмір қарбалас. Кейде аналардың мойнында жұмыс та, отбасының жауапкершілігі де болады. Бірақ соған қарамастан, ана қыз бала тәрбиесінде өзінің бірінші ұстаз екенін ұмытпауы керек.Балалар көбіне айтқанды емес, көргенін қайталайды. Сондықтан ата-ана баласынан қандай қасиет күтсе, алдымен сол қасиет өз бойында болуы қажет. Ана тілін шұбарламай, дөрекі сөз айтпай, өз әрекетіне мән берсе, қыз бала да соны қайталайды.Тағы бір маңызды мәселе – баланың ортасына мән беру. Қыз бала кіммен араласып жүр, қандай ортада өсіп жатыр – соны бақылау керек. Сонымен бірге қазіргі замандағы үлкен мәселе – гаджеттер мен әлеуметтік желілер. Қыз балалар интернетте не қарап отыр, кіммен сөйлесіп жүр – бұған да назар аудару қажет. Ал ол үшін ана мен қыздың арасында сенім болуы керек.
Жасөспірім қыздардың мінез-құлқы мен психологиясында жиі кездесетін қиындықтар қандай? Педагог ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
Қазіргі қыздардың бойынан алаңдаушылықтан гөрі мен қызығатын жақсы қасиеттер бар. Қазіргі қыздар сондай арманшыл, биікке ұмтылады, көп тіл білуге құмартады. Жақсы жерлерді көргісі келіп, сол дүниелерге, өзінің армандаған биік мақсаттарына жету үшін еңбектеніп жатқан қыздарды, жалпы жастарды көрген кезде әрі қуанамын, әрі қызығамын.Тіпті кейде сол жасөспірім қыздардың өзінен біздің өзіміз де көп нәрсені үйреніп жатамыз. Сондықтан да қолымызды төбемізге қойып, «барлығы нашар, барлық жағынан қыздар ойымыздан шықпайды» деп айта беруге де болмайды.
Мерекелік тілегіңіз болса, мархаббат...
Келіп жеткен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қырмызыдай қызғалдақ қыздарымыз жауқазындай жайқалып өсе берсе екен деп тілеймін. Көктемдей көңілді көздеріне мұң ұяламаса екен, кірпіктерінен моншақ тамбаса екен, жаздай жайраңдаған жүздерін қыстың ызғары өппесе екен. Барлығының болашағы өздері армандағандай жарқын болса екен деген аналық, ұстаздық тілегім бар.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысым шексіз. Қылықты қыздарымыз көп болсын.