Ұлыбританиядағы жалғыз әскери тікұшақ зауыты жабылуы мүмкін

Ұлыбританиядағы жалғыз әскери тікұшақ зауыты жабылуы мүмкін. Бұл туралы Financial Times басылымы зауытқа иелік ететін итальяндық Leonardo әскери-өнеркәсіптік концернінің бас директоры Роберто Чинголаниге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Англияның оңтүстік-батысындағы Йовил қаласында орналасқан кәсіпорын 3,3 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Егер зауыт жабылса, бұл қала экономикасына елеулі соққы болмақ, сонымен қатар оған байланысты басқа компанияларда да мыңдаған жұмыс орны қысқаруы ықтимал.

Чинголанидің айтуынша, үкімет қолдау көрсетпесе, өндірісті сақтап қалу мүмкін болмайды.

Біз Йовилді мәңгі субсидиялай алмаймыз. Соңғы 14 жылда Ұлыбритания үкіметінен ешқандай келісімшарт алмадық, - деді ол.

Компания өкілі мұндай шешім Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі 1 млрд фунт стерлинг тұратын жаңа тікұшақтарды сатып алу жоспарын тоқтатса қабылдануы мүмкін екенін атап өтті. Бұл тікұшақтар Корольдік Әуе күштеріндегі ескі Puma үлгісін алмастыруға арналған еді.

Зауыттың жабылу қаупі Ұлыбритания қорғаныс өнеркәсібінің үкімет саясатына наразылығы күшейген кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Көптеген өндірушілер соңғы жылдары мемлекеттік келісімшарттардың азаюынан зардап шегуде.

Ал бұған дейін Bloomberg агенттігінің сарапшысы Макс Хастингс Ұлыбритания экономикалық тұрғыдан “терең бюджет дағдарысына” бет алып келе жатқанын жазған. Оның айтуынша, Лондон табыс пен мүлікке салынатын салықтарды көтеруге мәжбүр болуы мүмкін, бұл елдің қорғаныс және өндіріс секторларына да қысым түсіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы