Ұлыбританияда теміржолшылар ереуілге шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Уэльс және Шотландияда пойыздардың 70% тоқтап қалды. Салдарынан миллиондаған халық діттеген жеріне жете алмай отыр, деп жазды Хабар24.
Ұлыбритания бойынша елу мыңнан астам теміржолшы жұмысқа шығудан бас тартып, компания басшылары мен биліктегілерге наразылықтарын айту үшін ереуілдер ұйымдастырды. Олар еңбек жағдайы жақсартылсын деп талап қойып отыр.
Ереуілшілер қымбатшылыққа төтеп беру үшін қызметкерлердің жалақысын кем дегенде жеті процентке көтеруді сұрайды. Жұмыс берушілер болса, тек үш процентке келісіп отыр, бірақ оның өзінде жұмысшылар қысқартуға ұшырап, қызметте қалғандары жұмыс істеу әдістерін өзгертулері керек. Бірақ теміржолшылар бұнымен келіспейді.
Network Rail (Нетворк Рэйл) және пойыздарды басқаратын компаниялар жалақыларымызды өсірмей тастады және мыңдаған жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Теміржол басшыларымен келіссөздер жүргізіп көрдік, бірақ ортақ келісімге келе алмадық, - дейді , Көлік қызметкерлері ұлттық кәсіподағының бас хатшы Мик Линч.
Ұлыбританияның бүкіл көлік секторын қамтитын кәсіподақ. Олар ереуілдердің қарқын алуына Көлік министрі Грант Шаппс себепші болды деп санайды. Шаппс болса, кәсіподақ ұйымдарын кінәлап отыр.
Ереуілдер ешкімге де пайда әкелмейді. Олар миллиондаған халыққа қолайсыздықтар туғызып жатыр: студенттер бітіру емтихандарын тапсыра алмай, науқастар ауруханаға жоспарлы ота жасату үшін де жете алмай қиналып жатыр. Кәсіподақтағыларды мәселені ақылға салып шешуді ұсынамын, - деді Ұлыбритания көлік министрі Грант Шаппс.
Дегенмен, наразылықтың басты себебі коронавирус деп айтуға болады. Пандемия кезінде бүкіл ел бойынша жолаушылар саны айтарлықтай азайып қалды. Қоғамның белсенді тобы пойызға мінуді қойып, үйден жұмыс істеуге көшті.