Ұлыбританияда еліміздің тарихына қатысты құнды қолжазбалар мен құжаттар табылды

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядағы ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында Лондон, Оксфорд және Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше,  онда мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды.

Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.

Сондай-ақ маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. «Китәб мақалаат әр - Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа» (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу Насыр әл - Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.

Қазақстандық мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі қызықтырды. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған.

Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған.

Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В. Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» және «1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп» еңбектерінде қолданған.

Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзгелердің жаңалығы