Ұлыбританияда бір жыл ішінде 262 тұтқын заңсыз түрде босатылған

Ұлыбританияда бір жыл ішінде 262 тұтқынның заңсыз түрде босатылғаны белгілі болды. Бұл туралы Sky News телеарнасы үкімет деректеріне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың наурызына дейінгі аралықта 262 сотталған қылмыскердің қате босатылғаны тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 128 пайызға көп – 2023-2024 жылдары мұндай жағдайлар саны 115 болған.

Мәліметке сәйкес, 233 адам түрмеден, ал 29 адам тікелей сот залынан босатылған.

Бұл деректер Ұлыбританияда Эфиопиядан келген сотталған заңсыз мигрант Хадуш Кебатудың ісінен кейін жария болды. Ол жыныстық сипаттағы ауыр қылмыстарға қатысы бар болғанына қарамастан, елден жер аударылмай тұрып қате түрде босатылған. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырды.

Билік өкілдері мұндай қателіктердің себебін бюрократиялық іркілістер мен мерзімінен бұрын босату бағдарламасымен байланысты техникалық ақаулардан көріп отыр.

Бұған дейін Ұлыбритания Әділет министрлігі түрме жүйесінде кадр тапшылығы мен ақпараттық жүйелердің ескіруі тұтқындарды есепке алу мен бақылауда қиындықтар туғызатынын мойындаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы